Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Яна Легкодимованың ісін тергеген тергеушінің қызметі өсті

Яна Легкодимованың ісін тергеген тергеушінің қызметі өсті

Фото: Темірхан Хажмұратов фотосы Атырау ПД

Яна Легкодимованың өліміне қатысты істі тергеген тергеуші Темірхан Хажмұратов лауазымы өсіп, мерзімінен бұрын майор болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Атырау облысының полиция департаментінде қызметтік міндеттерін орындау кезінде ерекше кәсіби шеберлік пен ерлік танытқан қызметкерлерді марапаттау мақсатында салтанатты шара өткізілді.

Марапатталғандардың қатарында арнайы маңызды істер бойынша аға тергеуші, полиция капитаны Темірхан Хажмұратов бар. Оған мерзімінен бұрын полиция майоры арнайы атағы берілді.

2024 жылы із-түзсіз жоғалған Яна Легкодимоваға қатысты аса ауыр қылмысты ашу кезінде тиімді жұмыс істегені үшін Темірхан Хажмұратовтың қызметтік дәрежесі өсті. Құқық қорғау органдарындағы қызметкерлер видеобақылау материалдарын зерттеп, ауқымды жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, екі күдіктіні анықтап, тергеуді толық аяқтады.

Еске сала кетейік, 2024 жылдың қазан айында жоғалып кеткен Яна Легкодимованың мәйіті биыл маусымда Атырау облысынан табылған еді. 2024 жылдың 18 қазанында бойжеткен танысының қоңырауынан кейін үйінен шыққан. Бірақ сол күйі үйіне оралмаған. Ол өмірінің соңғы сәттерінде танысының көлігінде болған. Қылмыстық істі қозғауға Янаның күнделігі себеп болған. Марқұм күнделігінде "Р" деген біреуді атап өткен.

17 қарашада сот Янаны өлтірді деп айыпталған 24 жастағы Ризуан Хайржанов пен 25 жастағы Алтынбек Катимовты аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін өмір бойы бас бостандығынан айырды.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 08 Желтоқсан, 2025 09:25