Такси жүргізушісі көлікте ұмытып кеткен телефонын қайтару үшін клиентін 9 күн бойы пәтерінің алдында күткен
Фото: facebook/Julia Taran
Тәжікстаннан келген такси жүргізушісі Якутияда (Ресей) жолаушыға ұмытып кеткен телефонын қайтару үшін кіреберісте 9 күн күткен. КримЯкутия парақшасының Дима Косс есімді оқырманы Якутскіде болған жайтты баяндап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Осыдан 10 күн бұрын таксиге мініп, телефонымды көлікте қалдырып кетіппін. 9 күннен кейін кіреберісте әлгі жүргізушіні жолықтырдым – ол осы уақытқа дейін күнде келіп, мені күтіп жүрген. Ол 4 кіреберістің бәрін айналып, көршілерге галереядағы селфилерімді көрсетіп, мені іздеген", – дейді телефонын таксиде ұмытып кеткен жігіт.
Телефонның құпиясөзі оңай болғандықтан жүргізуші оны тез ашып алған. Телефондағы суретінен таныған көрші апалардың бірі жүргізушіге жігіттің пәтеріне қарай жол сілтейді.
"Екеуміз кездескен кезде ол: "Зая кеткен уақытым мен тапсырыстарым үшін мынанша ақша төлейсің" дейтін шығар деп ойладым. Бірақ олай болған жоқ. Ол маған телефонымды берді де, "Бауырым, қалайсың? Міне, телефоның" деді. Сыйақы жөнінде сұрағанымда, "Ақша сұрау адамгершілікке жатпайды" деп жауап берді", – дейді ол.
Жүргізушінің есімі – Сахиджон Абдурахмонов, Якутияға Тәжікстаннан барған. Жас жігітке оның адал ниеті мен төзімі ерекше әсер қалдырған.
"Шынымды айтсам, мұндай жағдай тек кинода болады деп ойладым. Ал мұнда бір адам 9 күн бойы күн сайын кіреберіс алдына келіп, жоғалған құнды затымды қайтару үшін мені күтумен болған. Телефонымды жоғалтып алған соң үш күнге аралға балық аулауға кетіп қалғам, нөмірді бұғаттап, смартфонмен ойша қоштасып кетіп едім.
Өзім де арасында курьер болып жұмыс істеймін, кеш қайтамын, содан екеуміздің жолымыз тоғыспай жүрген. Екеуміз кездескен күні велосипедтен түсіп жатқанымда, сақалды адам жақындап келе жатқанын көрдім. Алғашында коллектор екен деп қорқып кеттім, бірақ ол адамгершілікпен телефонымды ешқандай ақы алмай, кейіс білдірмей қайтарып берді. Мен бұған қатты таңғалдым", – дейді ол.

"Күйеуім бала көтертпеу үшін вазэктомия жасатты": Екі баласымен корей азаматына күйеуге шыққан әйелдің өмірі қалай өзгерді
