Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Вон-буддизм Қазақстанға қалай келді? Алматыдағы буддистер ғибадатханасынан репортаж

Будда дінінің пайда болғанына 2,5 мың жылдан асса да, Қазақстанға ол тек XVII ғасырда келген. Қазіргі таңда елімізде екі буддистік діни ұйым тіркелген. Солардың бірі – вон-буддизм. Буддистердің ғибадатханасы Алматы қаласында орналасқан. Мұнда дінді ұстанушылар жиналып, дұға ете алады. Stan.kz тілшісі ғибадатханаға барып, қызметкерімен сұхбаттасып, елдегі буддизмнің дамуы мен бүгінгі жайы-күйі жайлы сұрап көрді. 

Ким ұстаз вон-буддизм дінінің пайда болғанына небәрі 107 жыл болғанын айтады. Діннің негізі Кореяда қаланған екен. 

"Өзге діндермен салыстырғанда 107 жыл деген өте аз. Будданың өзі құдай емес, ол да адам. Ал Будда дінінде негізгі ұғымдарды "сансара", "карма" және "нирвана" екенін көпшілігі біледі. Ал барлық оқиғаның өз себебі бар және жақсылықтың да, жамандықтың да себебін өзімізден іздеуіміз керек. Бірі өмірдегі келеңсіздіктер мен қиындықтардың туындауына  ата-анасын кінәлайды. Мұндай жағдайда мәселе ешқашан шешілмейді. Вон-буддизмнің мақсаты – барлық тірі жанды қиындықсыз өмірге жетелеу", - деп түсіндірді Ким ұстаз.

Ким ұстаз Қазақстандағы вон-буддизм ғибадатханасында қызмет етеді. Сөзінше, Алматыға Кореядан 1992 жылы арнайы жіберілген. 

"1991 жылы Кеңес үкіметі ыдыраған уақытта вон-буддизмнің Кореядағы орталығы мені Қазақстанға жіберді. Бастапқыда Африкаға барғым келген, бірақ Алматыға жіберген соң, 30 жылдан бері осында тұрып жатырмын. Вон-будизм орталықтары әлемнің 26 елінде бар. Ал негізгі діни әдебиеттер 7 тілге аударылады. Дегенмен орыс тіліне өте аз шығарма аударылған. Біз отырған ғибадатхана құрылысы 1993 жылы басталып, 1994 жылы аяқталды. Адамдар мұнда қалаған уақытында келіп, кеңес алып, дұға ете алады", - дейді ол.

Буддизмде ғибадатханаға келуге немесе жиналуға арналған нақты күн жоқ. Қажет жағдайда адамдар ұстазға сұрақтарын қойып, медитация жасайды. 

"Адамдар түрлі мәселелермен келеді. Бірі өмірге қатысты, енді бірі рухани баюдың құпияларын сұрайды. Сонымен қатар отбасы құрған жастардың өмірі ұзақ, бақыты баянды болуы үшін арнайы дұғалар оқимыз. Вон-буддизмде негізгі діни рәсімдер адам туғанда және өмірден өткенде жасалады", - дейді ол. 

Ким ұстаздың айтуынша, вон-буддизмде бірқатар тыйымдар бар. Солардың басым бөлігі өмір салтымен байланысты.

"Құрандағы секілді буддизмде де Канондар кітабында тыйымдардың ұзын-сонар тізімі бар. Ұрлық, алдау, дөрекі сөйлемеу секілді тыйымдарды айтуға болады. Ең бастысы – тірі жанның өмірін қимау. Жәндіктерді де бекер өлтіруге болмайды. Тіпті өсіп тұрған ағаштың бұтағын да жайдан-жай сындыруға тыйым салынған. Мысалы, балық аулауға болады, себебі адамдарға қорек керек. Алайда балықты жай көңіл-көтеру мақсатында, қызық үшін аулауға тыйым салынған. Сонымен қатар буддизмде ет жеуге болмайды. Бірақ бұл әрі қарай да жалғаса берсе, адамдар тамақсыз қалар еді. Вон-буддизмде мұндай тыйымдар жоқ. Әрине, "тек ет жеймін" немесе "етсіз тамақ жоқ" деген сынды ойдан аулақ болуға тырысамыз", - деп қосты ол. 

Өз сөзінде ұстаз "өлі заң" ұғымын да түсіндіріп берді. Оның пайымдауынша, мұндай ережелер шамадан тыс дүниелерден шектеп, адамдарды таңдау құқығынан айырады.

"Қазақстан – зайырлы мемлекет, әйелдер мен ерлер құқығы да аяқ асты етілмеуі керек. Әрі ешқандай дін бір адамды көтеріп, екінші адамдар тобын кемсітпеуі міндетті. Өйткені тірі жанның барлығы тең. Дегенмен қазір дін саясаттың, биліктің бір бөлігіне айналды. Заң дегеніміз тәртіпті сақтап, қоғамда теңдік орнатады. Діндегі тыйымдар да қоғамға зиянын тигізбеуі аса маңызды", - деп қосты ол.

Вон-буддизм дінінде шылым шегуге тыйым салынған. Алайда ішімдік ішуге кейбір жағдайларда рұқсат берілген екен. 

"Ішімдікті тек қуанышта, жиындарда ішуге болады. Бірақ бұл жалғыз өзің отырып іше беруге болады дегенді білдірмейді. Әрі ішкілікке салынып кетуге де болмайды", - деп толықтырды ол. 

Ким ұстаз ғибадатханаға келушілер туралы да айтып өтті. Оның сөзінше, жексенбіде дұға етуге 30-дан аса адам жиналады. 

"Кейде Будданың туған күні сынды діни маңызы бар күндерде келушілер саны 100-ден асады. Кейбірі телефон арқылы кеңес алады. Жалпы Қазақстанда вон-буддизмді ұстанатындар аса көп емес, жалпы саны 100-ден көп. Олардың көпшілігі этникалық кәрістер, арасында орыстар мен  қазақтар да бар. Алайда Қазақстандағы өзге дін өкілдерімен салыстырғанда бұл өте аз. Айта кетері, елдегі вон-буддистердің барлығы дінді осы жерде қабылдаған. Олардың ата-аналары немесе арғы аталары Кореядан жүз жыл бұрын көшіп келген. Сондықтан 99%-ы кәріс тілін білмейді", - деп аяқтады Ким ұстаз. 

Айнұр Мұхади
Жұма, 25 Қараша, 2022 17:05
Талқылау