Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Владимир Ким Қазақмыс компаниясын жаңа акционерге сатуға келісім берді

Фото: bloomberg.com

Владимир Ким мен Эдуард Огай “Қазақмыс” мыс өндіруші компаниясын жаңа акционерге сатуға келісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Компания мәліметінше, тиісті келісімге “Қазақмыс” мыс өндіруші компаниясының президенті Владимир Ким мен директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огайдың бірлескен шешімімен қол қойылды. Сатып алу-сату туралы келісімге жақын арада қол қойылмақ. Компания меншік иесі ауысуы үшін Сауда және интеграция министрлігі мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің рұқсаты қажет екенін айтты. 

“Қосалқы түрде серіктестермен, несие берушілермен, кішкене ғана үлесі бар акционерлермен және басқа да мүдделі тараптармен хабарландыру процестері жүргізіледі. Бұл шаралар процестің толық ашық екенін, уақтылы ақпарат беруді және компания қызметіне қатысатын тұлғалар алдындағы міндеттемелерді қоса алғанда, реттеуші талаптарды сақтауға бағытталған”, – делінген мәлімдемеде.

Қол қойылған құжатқа сәйкес, алдағы акционер ауысуы “Қазақмыс” компаниясының өндірістік және операциялық процестеріне, келісімшарттық міндеттемелеріне әсер етпейді. Қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктері мен жұмыс орындарының тұрақтылығы толық сақталады. Компания штаттық режимде жұмысын жалғастырады. Ал биыл және болашақ жобалар қолданыстағы стратегиялық жоспарларға сай жүзеге асырылады.

Еске салайық, қараша айының соңында Qazaq Stroy құрылыс компаниясының иесі кәсіпкер Нұрлан Артықбаевтың "Қазақмысты" сатып алу жөнінде келіссөз жүргізіп жатқаны хабарланған еді.


"20-дан аса адам ұсталды": Ұйымдасқан қылмыстық топ қазақстандық миллиардер Владимир Кимнің металын ұрлады деген күдікке ілінді


"Жүк шахтасының саңылауына құлап кеткен": Қазақмыста тағы бір жұмысшы мерт болды


Нұрлан Артықбаев туралы не белгілі?

Нұрлан Артықбаев - құрылыс нарығындағы маңызды тұлға. Оның ықпалы 2025 жылы артты. Артықбаев Qazaq Stroy компаниясының иесі. Тамыз айында ол Самұрық-Қазынамен байланысты газ өндіру компаниясының тең иесі болды.

Құрылыс компаниясынан басқа, бизнесмен Telecom Systems Ltd арқылы Kazakhtelecom компаниясының 9,19%-ын басқарады. Ол үлесті 2024 жылдың төртінші тоқсанында Jusan Bank (бұрынғы Alatau City Bank) компаниясынан сатып алды.

Артықбаев Forbes журналының нұсқасы бойынша 228 миллион долларлық таза байлығымен Қазақстанның ең бай адамдарының арасында 44-орында тұр.

2025 жылдың қарашасында Артықбаев Ақтөбе футбол клубын сатып алды. Сондай-ақ ол қараша айында президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті.

Қазақмыс корпорациясының негізгі акционері - Kazakhmys Holding Limited компаниясының 70%-ына иелік ететін Владимир Ким. Эдуард Огай - екінші бірлескен иесі, оның үлесі 30%. Осы холдингтік компания арқылы олар Kazakhmys Copper және Kazakhmys Coal компанияларына иелік етеді. Қазақмыстың негізгі иесі Forbes журналының Қазақстандағы ең бай адамдар тізімінде 5,7 миллиард долларлық байлығымен үшінші орында.

Айта кетейік, бұған дейін "Қазақмыстың" Жомарт кенішіндегі апатына жұмыс беруші кінәлі екені анықталғаны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 10 Желтоқсан, 2025 11:22