"Вирус жұқтыру қауіпі бар, сақтық шараларын қолданамыз": Қазақстандық жезөкшелер пандемия кезіндегі жұмыстары жайлы айтты

Еуропада жеңілжүрісті қыздар коронавирус індеті салдарынан жұмыстарынан айырылып жатыр. Ал Алматы қаласындағы қыздардың қызметіне карантин айтарлықтай әсерін тигізбесе керек. Кей тұстарда, тіпті қызмет көрсетушілер арасындағы бәсекелестікті төмендеткен. Stan.kz редакциясы алматылық "түнгі көбелектермен" сөйлесіп көрді.

Жамбыл облысының тумасы Данагүл, 24 жаста, бұл салада істеп жатқанына 1,5 жыл болған. Негізгі мамандығы - мұғалім, қаладағы педагогикалық университеттердің бірін бітірген.

Табысы сағатына - 10-12 мың теңге. Карантиннің жарияланауы бикештің табысына ешқандай кедергі келтіріп жатқан жоқ.

"Бұл жұмыста сырттан, жан-жақтан келіп істейтіндер көп болғандықтан, қазір бәсекелестік азайған. Бұрын бәсекелестік үлкен болатын", - дейді ол.

Данагүл құрбысымен бірге пәтер жалдап тұрады және оған айына 90 мың теңге төлейді. 

"Күнделікті кем дегенде 30-40 мың теңге табамын. Пәтерге кететін және басқа да шығындарды есепке алмағанда, айына 300 мың теңге көлемінде табыс түседі", - дейді ол.

Данагүлдің айтуынша, олар бір пәтерде ұзақ тұрақтамайды, тұратын жерді жиі ауыстырады. Сондай-ақ, телефон нөмірлерін де жиі өзгертеді.

"40 шақты телефон нөмірлерін сатып алып қоямыз", - дейді ол.

Айтуынша, демалыс күндері табыс күнделікті табыстан екі-үш есе жоғары. 

"Бассейнге, саунаға, жекеменшік шараларға шақыру сияқты қосымша жұмыстар шығады. Мұндай шаралардан бір түнде 20-30 мың теңге табуға болады", - дейді ол. Данагүлдің жұмысы кешкі сағат 6-дан, таңғы 3, 4-ке дейін жалғасады.

Алматы облысы Есік қаласында туған 25 жастағы Аиданың бұл "кәсіппен" айналысып жүргеніне бір жылдай болған. Алматыдағы колледжердің бірін бітірген Аиданың айтуынша,  "Шахристан" тұрғын үй кешенінде тұратындықтан, пәтерді жалдауға көп ақша кетеді, сондықтан қызметіне көбірек ақша сұрайды. Бұрын сағатына - 20 мың алса, қазір 10-15 мың теңге табады.

"Сағатына 20 мың теңге табыс табатынмын. Пәтердің ақшасын шығару үшін бағаны арзандаттым. Қазір карантиннің әсерінен клиенттер азайды, себебі келушілердің көбі сырт жақтан. Сондықтан қазір қызметімнің бағасын төмендетуге мәжбүрмін", - дейді интимді қызмет көрсететін бойжеткен.

Айтуынша, коронавирустың салдарынан адамдар артық шығын шығармайтын болған. Тіпті кей клиенттер хабарласып, жағдайын айтып түсіндіреді екен. 

"Пәтердің ақшасын шығару үшін маған күніне 30-40 мың теңге табу керек. Бұрын клиенттерім 20 мың теңгеге келісе беретін, ал қазір олар маған хабарласып жағдайларын айтып түсіндіреді. Қызметімнің бағасын төмендетуді сұрайды. Тұрақты клиенттерге бағаны төмендетемін", - дейді Аида. 

Алматы облысының тағы бір тумасы, 23 жастағы Адина сағатына 12 000 теңге табады. Бұл қызметте жүргеніне жақында 6 ай толады екен. 

Айтуынша, бұл жұмысқа құрбысы ертіп әкелген, бұған дейін медициналық колледжді тәмамдап, сән салондарында жұмыс істеген.

"Коронавирус табысымызға қатты әсер етті деп айта алмаймын. Клиенттер келуін тоқтатқан жоқ. Әрине, вирус жұқтыру қауіпі бар, сақтық шараларын қолданамыз. Антисептиктер қолданып жүрміз. Ауру адам келмейді ғой", - дейді Адина.

Ол желілерде арнайы топтардың бар екенін, сол арқылы хабарлама жазып қалдыратындарын айтады.

"Түрлі жағдайлар болады, кейде мас болып, қорқытады. Сондықтан мас екендерін сезсек, қабылдамаймыз. Проблема туындағанда таныстарымыз көмекке келеді. Күніне ең азы 4-5, ал ең табысты күні - 7,8 адамды қабылдаймыз", - дейді ол.

Аиданың айтуынша, көбіне клиенттер үй қандай деп сұрап жатады. Ауданға, үйдің орналасқан жеріне қарап, орталықтан іздейді екен.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр