Ай сайын 10 мың құрылғы дайындаған: Астанада вейп шығаратын астыртын цех анықталды
Қаржы мониторингі агенттігі азаматтардың денсаулығына зиян келтіретін акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымына қарсы жүйелі жұмыстарды жалғастырып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скриншот
Вейптердің таралуына қарсы күрес аясында қылмыстық істерді тергеу барысында шамамен 400 мың электронды темекі тәркіленді.
Вейптерді сатуға тыйым салатын заң күшіне енгеннен бері вейптердің, хош иістендіргіштердің және оларға арналған сұйықтықтардың заңсыз айналымының 25 фактісі тоқтатылды. Заңсыз айналымнан шамамен 22 мың электронды құрылғы, сондай-ақ 7 мың хош иістендіргіш, картридж және буландырғыштар тәркіленді.
“Елордада вейптер мен оларға арналған сұйықтықтарды өндіру, сақтау және сатумен айналысқан ірі астыртын цехтың ұйымдастырушысы ұсталды. Қылмыстық топ қолдан жасалған әдіспен глицерин, никотин және жасанды хош иістендіргіштерден тұратын сұйықтықты өндірген”, – деп мәлімдеді ҚМА.
5 мыңнан астам темекі қоспасымен толтырылған дайын вейптер, 235 литр химиялық заттар — глицерин және пропиленгликоль, хош иістендіргіштер, сондай-ақ оларды өндіруге арналған құрылғылар анықталды.
Астыртын цехтың өндірістік қуаттылығы – ай сайын 7 мыңнан 10 мыңға дейін электронды құрылғы. Қолдан жасалған өнім вейпшоптарға таратылып отырған.
Сот үкімімен аталған азамат сотталды. Вейптердің барлық партиясы мен өндіріс жабдықтары жойылды.
Электронды құрылғыларды шегу барысында бөлінетін буларда 30-дан астам қауіпті заттардың бар екені анықталған, ал қыздырылған кезде бөлінетін канцерогендердің концентрациясы едәуір ұлғаяды.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанға вейптерді әкелуге және сатуға тыйым салынғаны туралы жазған едік.