Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Венгриядағы сайлау: Премьер-министр Виктор Орбан Петер Мадьярды жеңісімен құттықтады

Фото: Reuters/Facebook.com/orbanviktor

Венгрияда өткен парламенттік сайлауда сайлаушылардың қатысу деңгейі рекордтық көрсеткішке жетіп, 79%-дан асты. Алдын ала дауыс санау нәтижелері бойынша, Петер Мадьяр жетекшілік ететін "Тиса" оппозициялық партиясы жеңіске жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ERR.ee порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Оппозициялық "Тиса" партиясының көшбасшысы Петер Мадьяр Венгрияның премьер-министрі, биліктегі "Фидес" партиясының жетекшісі Виктор Орбан оны телефон арқылы жеңісімен құттықтағанын айтты. Кейін Орбан өз жақтастары алдында сөз сөйлеп, сайлау нәтижесін айқын деп атап, жеңіске жеткен партияны құттықтағанын жеткізді.

"Мен жеңіске жеткен партияны құттықтадым. Біз оппозицияда болсақ та, венгр халқына және өз отанымызға қызмет етеміз”, – деді қазіргі премьер-министр.

Ұлттық сайлау комиссиясы жариялаған мәліметтерге сәйкес, дауыстың 70%-дан астамы саналғаннан кейін "Тиса" партиясы 199 орындық парламентте 138 мандатқа ие болады. Дауыстардың 70%-дан астамы саналғаннан кейін "Тиса" партиясы 199 орындық парламентте 138 орын алады. Бұл – конституциялық көпшілік, яғни олар маңызды заңдар мен өзгерістерді өздері қабылдай алады деген сөз.

“Фидес” партиясы Виктор Орбан басшылығымен 54 мандат алады.

Сонымен қатар әсіре оңшыл "Наше отечество" партиясы шамамен 7 орынға ие болуы мүмкін.

Венгрияда сайлау нәтижелерін есептеу жүйесі күрделі. Депутаттардың басым бөлігі — 199 орынның 106-сы — бірмандатты округтерде көп дауыс алған кандидат арқылы сайланады. Ал қалған 93 орын 5 пайыздық сайлау шегінен өткен партиялар арасында бөлінеді. Бұл орындар толықтай пропорциялық түрде емес, арнайы өтемдік (компенсациялық) дауыс жүйесі арқылы есептеледі.

Петер Мадьяр 1981 жылы 16 наурызда Будапештте, венгр қоғамының элитасына жататын отбасында дүниеге келген. Оның тегі венгр тілінен аударғанда "венгр" дегенді білдіреді.

Мадьярдың атасы — Эреш Пал Венгрия Жоғарғы сотының судьясы әрі 1970–80 жылдары елге танымал медиа тұлға болған. Петер Мадьяр-дың ата-анасы да заңгер болған. Сондықтан оның да университетте құқық мамандығын таңдауы заңдылық еді.

Алайда бұған дейін Мадьяр Будапешттің орталығындағы элиталық Пиаристік католик мектебін тәмамдаған. Сол жерде ол алғаш рет Виктор Орбанды кездестірген.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 13 Сәуір, 2026 08:35