Василий Левит пен Бахтияр Артаев мемлекеттік қызметші болмақ
Биыл Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің (ҚЭУ) магистратурасына «жұлдызды» топ оқуға түсті.
Олардың қатарында атақты спортшылар мен айтыскерлер бар, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігі.
Атап айтқанда, «кедендік қызмет» мамандығы бойынша ҚЭУ магистратурасына Олимпиада ойындарының жүлдегері Василий Левит түсті. Сонымен қатар аталмыш жоғары оқу орнында белгілі боксшы, Олимпиада чемпионы Бахтияр Артаев та оқитын болады. Ол «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығын таңдаған. Ал атақты айтыскер Дидар Кәмиев «құқықтану» бойынша білімін жетілдірмек.
Барлығы мемлекеттік грант негізінде тегін оқитын болады.
«Мен Серік Сәпиевтің ізін қуып, осында түстім. Ол осы университетте оқиды. Бірінші алған жоғары білімім – заңгер, екіншісінде кедендік қызметті таңдадым. Келешекте өмірімді осы мамандықпен байланыстыруым әбден мүмкін», – деді Василий Левит.
Айта кетейік, осыған дейін Василий Левит ҚЭУ-де қонақ ретінде болып, студенттермен кездесті, оларға шеберлік сабақтарын берді. Университет өзінің спорттық базасымен танымал.
Олипиада чемпионы, Вэл Баркер Кубогының иегері, бүгінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Сәпиев екі жоғары білімге ие. Ол Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «дене шынықтыру педагогы», «құқықтану» мамандықтары бойынша тәмамдаған. Сонан соң Қарағанды мемлпекеттік техникалық университетінде «тау кен ісі» мамандығы бойынша диплом алған. «Спорттық менеджер» мамандығы бойынша «Болашақ» бағдарламасының стипендианты болды. Қазіргі таңда Серік Сәпиев «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша ҚЭУ-нің бакалавриатында білім алуда.
Биылғы жылы ҚЭУ-ге, сонымен қатар ұлттық құрама мүшелері мен спорт шеберлері де түскен. Олардың қатарында мини-футбол бойынша Қазақстанның үш дүркін чемпионы Владислав Черномордов, қазақ күресі бойынша еліміздің жастар құрамасының мүшесі Сержан Бейсенбаев және биатлоннан юниорлар арасында еліміздің екі дүркін чемпионы, Олимпиада құрамасына үміткер ең жас спортшы Виктория Катаева бар.
Тағы да оқыңыз:
Өскеменде бекеттен жанармай құямын деп күйіп қалған жас жігіт көз жұмды