Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Вакцина алмаған балалар сирек ауырады": Ақпарат шындыққа жанаспайды

Қазнетте кесте бойынша егілгендерге қарағанда екпе жасатпаған балалардың сирек ауыратыны туралы фейк ақпарат таратылуда. Оған сәйкес, зерттеуді доктор Пол Томастың клиникасы жүргізген. Дегенмен бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Stopfake.kz порталына сілтеме жасап.

"Пол Томас вакцинациялаудың зияны және індеттің ойдан шығарылғандығы туралы мәлімдемелерімен танымал. Сондай-ақ, америкалық дәрігер вакцинациялаудың аутизмнің дамуына әсері туралы теорияны да қолдайды. 

Шын мәнінде, бұл миф бұрын әшкереленген. Бірқатар тәуелсіз зерттеулер аутизм мен вакцинациялаудың арасында ешқандай байланыс жоқ екенін дәлелдеді", - деп жазды портал.

Сонымен қатар материалда желіде жариялаған вакцинацияланған және вакцинацияланбаған балалардың педиатрға жүгінулер саны көрсетілген кестелер дұрыс деп айту қиын екені атап өтілді. Онда зерттеуге қатысушылардың саны да, оны жүргізу кезеңі де көрсетілмеген. Бұл жағдайда туа біткен патологиялардың, созылмалы аурулардың, анамнездің болуы немесе болмауы сияқты басқа да маңызды факторлар көрсетілмеген.

"Сонымен қатар, ДДСҰ сайтында бес жасқа дейінгі емделетін аурулардан көз жұмған балалар арасындағы өлім-жітім статистикасы жарияланды. Жаппай вакцинациялау жүргізуге қаржысы жетпейтін және балалардың көпшілігі екпе жасатпаған "үшінші әлем елдерінде" көрсеткіштер жоғары.

2018 жылы Еуропада қызылша ауруынан 37 адам қайтыс болды. Бұл – соңғы онжылдықтағы рекордтық көрсеткіш. Мамандар жақсы зерттелген аурудың өлім-жітім көрсеткішінің күрт өсуін ата-аналардың балаларға екпе жасаудан жаппай бас тартуымен байланыстырды.

Бұдан вакцинациялаудың балалардың иммунитетін төмендетеді дегенге ешқандай негіз жоқ. Керісінше, дәлелді медицинаға сәйкес, иммундау қауіпті ауруларды болдырмаудың жолы болып табылады", - делінген хабарламада.

Талқылау