Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Вакцина алғаннан кейін жүктілікті қашанға жоспарлауға болады? Қазақстандық маман жауап берді

Елімізде екпе салдыру міндеттеліп жатқанда, жүктілікті жоспарлаған жұптар вакцина салдырудың қаншалықты қажеті бар екенін білмейді. Мамандар вакцина алған адамның қаны қоюланбайтындықтан репродуктивті жүйеге екпе кері әсерін тигізбейді деп отыр. Ал екпенің бірінші дозасын алған әйелдер жүкті болып жатса, онда екінші компонентін 3 айдан кейін алуы керек екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

вакцина

Пандемия кезінде жүктілікті жоспарлаған Айдарбековтар отбасы Қарағандыдан Алматыдағы білікті дәрігерлерге ковидке қарсы екпені салдыру қаншалықты қажет деген сауалмен арнайы келіпті. Араға сегіз жыл салып, екінші сәбиін тезірек құшағына алғысы келген Жазира Балапанова, екпе салдырып та, вирус жұқтырғандардың жоқ емес екені көңілге күдік ұялатады дейді. 

"Кейін қалай болады мұның әсері. Себебі әлі дәледенбеген, жауабы жоқ вакцина ғой былайша айтқанда", – дейді Жазира Балапанова. 

Репродуктолог-дәрігерлер медицинасы дамыған барлық мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, екпенің 2 дозасын алғаннан кейін келіншектерге жүктілікті 1 айдан соң жоспарлауға кеңес береді. Бірақ вакцина алмағандарға балалы болуды кейінге ысыра тұрыңыздар деп айта алмаймыз дейді.  

"Жалпы вакцина алса, жүктілікті 1 айдан кейін жоспарлауына болады. Табиғи жолмен болса да, эко жасатуға келсе де, не болмаса дайын эмбрионды салдыруға келсе де 1 айдан кейін рұқсат етілген. Болашақта әлі не көрсететіні белгісіз. Дұрыс не қате деп айта алмаймын бұл жерде. Әр пациент өзі шешеді", – дейді репродуктивті медицина институтының репродуктологы Ләззат Айтқожина

Ал екпенің алғашқы дозасын алғаннан кейін жоспарсыз жүкті болып қалған келіншектер, екінші компонетін 12 аптадан кейін бірақ алады. Өйткені дәл осы аралықта баланың барлық даму функциясы жетіледі. Уролог-андролог дәрігерлер де, вакцинаның екі компонентін алған ер азаматтарға тұп-тура бір айдан кейін жұбайымен бірдей баланы жоспарлағаны жөн деп отыр. 

"Вирустың өзі репродукцияға кері әсерін бергенімен, 3-6 айдың ішінде қалпына келеді. Ал вакцина оған кері әсерін бермейді", – деді репродуктивті медицина институтының уролог-андролог дәрігері Ерік Қартанбаев. 

Маман ковидпен науқастанған ер азаматтарда аталық ұрықтың жылдамдығы әлсіреп, сапасы 30 пайызға нашарлайтынын былтырғы індеттің асқынғанында көз жеткіздік дейді. Өйткені вирустың кері әсерінен адамның қаны қоюланып, репродуктивті жүйесіне тікелей әсер етеді. Ал эпидемиологтар, екпе алған адам вирус жұқтырса да, қаны қоюланбайды деп топшылайды.

Талқылау