Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үйсіз жануарларды өлтіру заңдастырылмақ: Қазақстандықтар петиция жариялады

жануар
Желіде үйсіз жануарларды өлтіруді заңдастыруға қарсы петиция жарияланды.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Авторларының айтуынша, "Жануарларға жауапкершілікпен қарау" туралы заң жобасы былтырдан бері талқыланып келеді. Депутаттар қаңғыбас жануарларды бес күн қамауда ұстауды, егер ешкім алмаса, мәжбүрлі жолмен өлтіруді ұсынады. Сондай-ақ аулау, зарарсыздандыру, вакцинациялау, шығару бағдарламасын алып тастап, жануарларды тамақтандыру және емдеу міндеттерін жойғылары келеді.    

Қазақстандықтар петиция құрған, алайда ол модерациядан өтпей қалған. Бастаманы көтерушілер шағымды e-Otinish арқылы да беруге болатынын айтады.

Осыған орай петиция авторлары Президент әкімшілігі жетекшісі Айбек Дәдебайға үндеу жолдаған.

"Мәжіліс депутаттары "Жануарларға жауапкершілікпен қарау" заңға толықтруларды мақұлдады. Мемлекет басшысы 2021 жылы қол қойған бұл заң әділетті қоғам үшін маңызды құжат еді. Толықтырулар оның маңызын жойып, "мәжбүрлі өлтіру" сылауымен жануарларды жаппай аулаудың сыбайлас жемқорлыққа толы схемаларына алып барады. 

Біріншіден, заңнамаға толықтыруларға жүргізілген талдау  оның тексерілмеген, ескріген деректерге негізделгенін, Дүниежүзілік жануарлардың денсаулығын қорғау ұйымы нормаларына, халықаралық стандарттарға қарама-қайшы екенін көрсетті. 

Екіншіден, үйсіз жануарлардың проблемаларының себебінің алдын алудың орнына депутаттар қайтадан оның салдарымен күресуді ұсынады.

Үшіншіден, толықтыруларда дамыған елдердегі (Нидерланд, Швейцария, Үндістан және т.б.). популяцияны бақылаудың сәтті тәжірибелері ескерілмеген.  

Төртіншіден, қоғамдық денсаулыққа төніп тұрған қауіп алаңдатады. Улы препараттармен атылған үйсіз жануарлардың етін заңсыз өңдеп, сату фактілері бірнеше рет тіркелді. Бұл инфекцияның таралуына, елдің санитарлық қауіпсіздігіне қауіп тудырады.  

Бесіншіден, бұндай бастамалар Мемлекет басшысының бағдарына қарсы, президенттік реформаларға сенімді жоғалтады. 

Алтыншыдан,  халықаралық ұйымдар мен мыңдаған адам бұл толықтыруларға қарсылық танытты.

Осыған байланысты, Мемлекет басшысы 2021 жылы қол қойған заңның мәнін жоятын толықтурларды қабылдауға жол бермеуді, үздік халықаралық тәжірибе мен Президент Тоқаевтың бағдарына негізделген, құқық, ветеринария және экология саласындағы қазақстандық сарапшылар әзірлеген баламалы заң жобасын қарастыруды сұраймыз", - делінген үндеуде. 

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 04 Қыркүйек, 2025 18:19
Талқылау