Үйлену тойына сыйлық жасағасы келген: Қарағандыда полицей көлік сатушыны өлтіріп, ізін жасырмақ болған
2018 жылдың 30 сәуірі Қарағанды қаласындағы 38 жастағы Алексей есімді азамат із-түзсіз жоғалып кетті. Тексере келгенде оның жаңа авто көлігін сату үшін кеткені және сол күйі үйіне қайта оралмағаны белгілі болды. Ал оны өлтірген полицей екені анықталды.
Бұл туралы Заң сөйлесін бағдарламасында айтылды.
Жоғалған күннің ертесінде далалы аймақтан Алексейдің мәйіті табылды. Марқұмның маңдай тұсынан дәлдеп атқан оқтан қаза тапқаны анық еді. Өйткені, денесінің өзге жерінде жарақат ізі қалмаған. Із кесушілер оның жоспарланған қылмыс құрбаны болғанына күмәнданған жоқ.
Криминалистер оқиға орнындағы әрбір детальға ерекше мән берді. Полицейлер іздеуге кірісті. Күдіктінің үйіне келгенде полицейлері тосын жайт күтіп тұрды.
Пәтер иесі де полиция қызметкері болып шықты. Бірақ бұл тінту жұмыстарына тосқауыл бола алмады.
Марқұмның көлігі соңғы рет қай көшемен жүргені назарға алынды. Кездейсоқ куәгерлер табылып, солардың айтуымен көлікке отырған адам ізделді.
Олар бір-бірін танымаған. Қарағанды қаласында, адам көп жүретін базарда кездескен.
Бұл кезде үйіне тінту жүргізілген полицей тергеу кезінде бір мәселенің шетін ашты. Күдікті әріптесіне хабарласып, тапаншаның оғын сұраған.
Із кесушілердің қылмыскерді өз араларынан іздегені тегін емес еді. Себебі кәнігі мамандар мәйіттің маңдайындағы жарақаттың табельдік қарудан жарақатталғанын о бастан-ақ болжаған. Осы жорамал ақыры расқа айналды. Қызметтік қарумен кісі өлтірген кім болды? Ол - Нұрсейіт Қалдыбаев. 1996 жылы Өзбекстанда туған. ҚР азаматы. Арнайы орта білімді. Үйленбеген, бұрын сотталмаған.
Қалдыбаев оқиғаның қалай болғанын айтып, кінәсін мойындады. Ол жақындарының бетіне қарай алмай тінту кезінде еңіреп жылап жіберді.
Сақшы кейпіндегі қарақшы неге жас балаша жылады? Себебі ол үйленуге дайындалып, той күнін белгілеп қойған еді.
Қалдыбаев қанды қылмысқа алдын ала дайындалған. Өзіне күдік түспес үшін кісі өлімін әдейі өзінің кезекшілік кезінде жасаған.
Ол кезекшілік кезінде серіктесінен сұранып кетеді. Дүкеннен жаңа телефон мен сим-карта алады. Жарнама сайтынан көлік іздейді. Сол кезде Алексейді табады. Ол Қалдыбаевқа көлігін көрсетеді.
Бір қызығы қылмыскер марқұмды тапа тал түсте, адам көп жүретін жерде атып өлтірген.
"Мен көлікті сыртта айдап көремін деп едім келіспеді. Сосын маңдайдан аттым. Жанармай бекетіне барып бензин алып, көлікпен қоса мәйітті өртемек едім. Ыдыс таппадым. Сосын ол ойымнан айныдым", - деді ол.
Қалдыбаев тергеу кезінде жүйкесі сыр берген адамның кейпін танытып, ілгері-кейінді шайқала берді. Тағы бір анықталған жайт, ол өзінің үйлену тойына әпкесінің ақ түсті тойота көлігін сатып алып бермек болып жатқанын достарына айтып, алдын ала құлақтандырған.
Қарағанды облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Қалдыбаевтың жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде қылмысын мойындауын, ал ауырлататын мән-жай ретінде қызметтік қаруды пайдалағанғанын айтты.
Сотта Қалдыбаев кінәлі деп танылып, 19 жылға бас бостандығынан айырылды.
Осылайша ақ көлікпен сүйгені екеуі той күні қыдырмақ болған сақшы темір торға тоғытылды.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
