Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үйлену тойына барған қонақ балықтан жасалған бәлішті жеймін деп көз жұмды 

Англияның Чорли қаласының тұрғыны балықтан жасалған ыстық бәлішті жеймін деп көз жұмды. Ыстық астан асап жіберген оның тамағы күйіп, көмейі ісіп кеткендіктен тұншығып қалыпты.

Үйлену тойына барған қонақ балықтан жасалған ыстық бәлішті жеймін деп көз жұмды 

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Star басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Басылым мәліметінше, 51 жастағы Даррен Хики тойда көңіл көтеріп, артынша үйіне қайтпақ болыпты. Осы кезде оған балықтан жасалған бәліштен дәм татып көруін ұсыныпты. Алайда ыстық бәліштен асап жіберген ер адамның тамағы күйіп қалған. Нәтижесінде бірнеше сағаттың ішінде көмейі ісіп кетіп, тыныс алуы қиындайды.

Хики досы Нил Паркинсонға тамағының ауыратынын айтып шағымданған. Артынша дәрігерге қаралуға барыпты. Дәрігер оған парацетамол қабылдауға және ауру үдеп кеткен жағдайда қайтып келуге кеңес беріп, үйіне жібереді. 

Хики үйіне жеткеннен кейін демаламын деп өз бөлмесіне кеткен. Арада біраз уақыт өткеннен кейін Паркинсон оның айқайлағанын естиді. Ол бөлмеге жүгіріп келгенде Хикидің жөтеліп, ауа жетпей, құлап қалғанын көріпті. Ер адам бірден жедел жәрдем шақырған. 


Тағы оқыңыз: Балықтың пайдасы. Балық несімен пайдалы және ол зиянды болуы мүмкін бе


Дәрігерлер Хикиге көмек көрсетіп, артынша ауруханаға жеткізді. Алайда ертесі күні ауруханадағылар ер адамның өлімін тіркеді. 

Сотта патологоанатом Патрик Во мұндай жағдайдың сирек орын алатынын айтты. Ер адам тамағын ыстық аспен күйдіріп алып, ол ісіп кетіп, салдарынан тыныс алып, жұтынуы қиындаған. Патологанатом әдетте мұндай жағдай адам өрт кезінде тыныс жолдарын ыстық ауамен күйдіріп алғанда болатынын жеткізді.

STAN.KZ
Жұма, 11 Қазан, 2019 17:59
Талқылау