Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"15 күн таныс болып, отау құрдық": Карантинде үйленген қазақстандық жұп үш жылдан кейін несиесіз той жасады

Лашын Ахметова және жолдасы Айдан 2020 жылы шілдеде үйленген. Карантин кезі, көп адам жиналуға болмайды, арақашықтық сақтау керек деген шектеулер болғандықтан, беташарды үш отбасымен ғана кішігірім етіп өткізген. Кейін тұңғыш ұлы, одан кейін екінші ұлдары дүниеге келіп, той жасау идеясы кейінге қала берген. Жас жұбайлар үйлену тойларын 3 жылдан соң балаларымен бірге өткізді. Stan.kz ақпарат агенттігі біраз жылдан кейін несиесіз жасалған той туралы той кейіпкерлерінің өздерінен сұрады.

Фото отбасының жеке архивіненФото отбасының жеке архивінен

“Карантин кезінде үйлендік”

Айдан үйінің жалғыз баласы болғандықтан, отбасы әу бастан үйлену тойын жасаймыз деген. Бірақ карантин қашан аяқталатыны түсініксіз болғандықтан, кейінге қалдырған. 

"Ата-енем той жасаймыз деп ниеттенді. Бірақ карантин қашан аяқталатынын білмедік. Әрі қарай жағдай қалай болады екен деп белгісіздікте жүрдік. Біз көп уақыт қыз бен жігіт болып жүрмедік, 15 күн ғана таныс болдық. Ол бірден үйлену ниетімен келді. Іштей өз адамым деп сездім, ондайда дайын екеніңді де түсінеді екенсің. Сондықтан үйленген соң бір-бірімізді көбірек таныдық, көп әңгімелестік, екеуміз ғана болып далада жүріп қайтатынбыз. Біраз фильмдер қарадық. Карантин уақытында достарымыз да үйленді, соларға құттықтап барған кездеріміз болды. Үйге де адамдар бір-бірден құтты болсын айтып келетін. Карантиннің бір минусы – қуанышқа ағайын-туыс болып жинала алмағанымыз. Бірақ одан бөлек жақсы жақтары біз үшін көбірек болды. Жер үйде тұрдық. Мен түрлі тамақтар пісірдім, ерлер сыртта бастырма соқты, аулада бақшамыз да бар. Карантин екені бізге аса біліне қоймады”, – дейді ол.

Ал пандемияға байланысты шектеулер алынған соң жас келіншектің аяғы ауыр болып, тойды тағы кейінге қалдырған.

“Тойда ішім шығып жүргенімді қаламадым. Оның үстіне жүктілік ауырлау өтті, сондықтан той көйлегін киюге асыға қоймадым. Кейін босанған соң балам кішкентай болды. Одан соң екінші балаға аяғым ауыр болды. Екінші баламды босанған соң той туралы әңгімелер басталды. Үлкендер жалғыз ұлымызға той жасайық деді, мен де ақ көйлек кигім келді. Бұл әр қыздың арманы деп ойлаймын. Сонымен тойымызды үш жылдан соң, 2023 жылы қараша айында балаларымызбен бірге атап өттік", – дейді Лашын Ахметова.

“Той күні екі баламызға күтуші жалдадық”

Жұбайлар алдын ала той күнін белгілеп, дайындала бастаған. Той күні әбіржімес үшін олар екі баласына бала күтуші жалдаған. Оның үстіне Лашынға сіңлілері, қайынсіңлілері көмектесіпті.

"Тойхана қызметкерлері отыратын бөлмеге екі бесік апарып қойдық. Той басталарда бала күтушілер дайын тұрды. Тойымыз кеш басталды, ол кезде кіші ұлымыз ұйықтап жатты. Ал тұңғышымыз біразға дейін ортамызда жүрді. Оны біресе атасы, біресе әжесі көтерді. Арасында ортамызға келіп отырды. Үлкен ұлымның бала күтушісі балабақшадағы тәрбиешісі еді, сондықтан ол жатырқаған жоқ. Кейіннен шаршап ол да ұйықтады. Тойдың екінші бөлігінде екі баламыз арнайы бөлмеде, бесікте ұйықтап жатты. Үлкен ұлым екі жаста болды. Ол не болып жатқанын түсінген жоқ деп ойлаймын. Ал кіші ұлымыз 6-7 айлық еді", – дейді ана.

“Көп нәрсені өзім таңдадым, тойда бәрін танып, рахаттанып отырдым”

Асықпай, кейіннен жасалған тойдың жақсы жақтары көп дейді Лашын Ахметова. Олар несие алмаған, той болады деп шешкеннен бастап ақша жинаған. Сонымен қатар үй ішін жақсы танығандықтан, көп нәрсені өзіне ұнайтындай етіп істеуге мүмкіндік болған.

"Келін болып жаңа түскен кезде көбіне қыздар өзінің ойын айтып, қосыла алмайды. Ал мен 4 жыл келін болғандықтан, тойды ұйымдастырғанда ойымды қосып, көп нәрсені өзім қалағандай етіп жасай алдым. Сыйлықтарын өзім жасадым, баннер сияқты нәрселерде бірлесіп ақылдасып отырдық. Көйлек, аяқкиім, өзіме қатысты барлық нәрсені өзім таңдадым. Үлкендер ақылын қосып, келісіп отырды. Той өте қызық өтті. Біраз туыстарымыз мақтап, біразға дейін әңгіме етіп жүрді. Екі баланы дүниеге алып келгеннен кейін той жасады деп біраз жаңалық жасадық", – деді ол.

Фото отбасының жеке архивіненФото отбасының жеке архивінен

“Ақ көйлек кигің келе ме?”

Дегенмен жас отбасы той жасаймыз дегенде "Одан да сол ақшаға шетелге шықпайсыңдар ма? Алғашқы жарнасын құйып, үй сатып алмадыңдар ма?" дегендер болыпты.

"Бірақ жолдасым менен "Ақ көйлек кигің келе ме әлде шетелге шығамыз ба?" деп сұрады. Мен "Иә, ақ көйлек өмір бойы арман болып қалғанын қаламаймын, той жасайық. Ал шетелге кейін ақша жинап, талай барамыз, біз әлі жаспыз" дедім. Тойға 5 миллион теңгедей ақша кетті. Жартысын үйдегілер қосты, жартысын күйеуім қосты. Бірақ тойға жұмсаған қаржымыз адамдардың алып келген ақшалай сыйлықтарымен өтеліп кетті. Той жасағанда да оны несиеге емес, жинаған, алдын ала жоспарланған қаржыға жасағымыз келді. Сол жоспарымыз орындалды. Екіншіден, тойда тамақ барынша мол болғанын, етті болғанын қаладық. Сол үшін сол жағына қатты мән бердік. Үшіншіден, жақсы асабаны жан-жақтан сұрап-қарастырып, ақылдасып, алдын ала уақытын босатып, жалдап қойдық. Тойдың жақсы өтуі асабаға байланысты деп қарадық. Ол кісіден ойын мен би көп болсын, тілектерді азайтайық деп өтіндік", – дейді Лашын Ахметова.

@lashyn133 Карантинде үйленгендер бар ма? #fyp #карантин #той #топ #ре ♬ оригинальный звук - Lashynn

 

Жақсылықтың ерте-кеші жоқ

Кейін олар тойдың видеоларын Instagram-дағы, TikTok-тағы парақшасына жариялаған. Сол кезде көп қыз-келіншек Лашынға "Ақ көйлек кию арман болып қалып кетті, сол кезде жасай салуымыз керек еді" деп өкінішін білдіріпті.

"Сол пікірлерге, хаттарға қарап, "Тойымызды жасағанымыз қандай күшті болған?" деп мен де қуанып қалдым. Жолдасыма, ата-енеме 4 жыл өткен соң да той жасап бергеніне алғысым шексіз. Мысалы, әдетте той болғанда қыздар тойында өзінің төркінінен басқа ешкімді танымайды, тек соларға қарап отырады. Тойдың қалай өткенін білмей қалдым деп жатады. Кейбірі әйелдің аяғы ауыр кезде той жасайды. Ал көйлектің салмағының өзі біраз келіге тартады. Өзім салмағы 30 келі көйлек кидім. Сол үшін тойды кейіннен жасағанымыз көп жағынан тиімді болды. 4 жылда бүкіл туысқандарды танып алдым. Тойда кім ойнап жатыр, кім билеп жатыр – бәрін біліп, танып тұрғасын, тойда әр минуттан барынша ләззат алдым деуге болады”, – дейді ол.

Лашын Ахметова ұлдары өссе, алда сүндет той жасаймыз деп отыр.

“2020 жылы үйленгенде беташар болды. Сол беташардан соң шектеулердің бәрі алынған кезде екі жақта да құдалық болды. Кейін балаларым дүниеге келгенде бесік той, тұсаукесер – бәрін атап өткенбіз. Бәрінен кейін ғана үйлену тойымызды жасадық. Енді ұлдарымыз өссе, алда сүндет тойымыз бар”, – деп қосты екі баланың анасы.

Оның сөзінше, ақ көйлекті киген кездегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сондықтан ол қай уақытта болса да, тойға ниеттенген жұбайлар ештеңеге қарамай үйлену тойын тойласын деп кеңес етті.

“Жақсылықтың ерте-кеші жоқ. Қыздарға бір айтарым, ертең өкініп қалмас үшін ақ көйлек кию бәріне бұйырсын. Мүмкіндік болса, той жасап алыңыздар.

“Қыз-келіншектер “Тойымыз болмады, қазір бала шағамыз бар, енді жасасақ ұят па екен?” деп жазады. Мен ешкімнің ойына қарамаңыздар дер едім. Көйлек таңдауға барғанда екі көйлекті ғана киіп көрдім, бірден таңдадым. Сол кездегі сезімді айтып жеткізу қиын. Іштей “мынау менің көйлегім” деген сезім болды. Барлық қызға осыны сезіну жұғысты болсын. Тойда көйлекпен жүру сондай қуаныш. Кейінге қалдыра берудің қажеті жоқ. Қаражат болса, той жасағыларыңыз келсе, қазір жасаңыздар. Есесіне тойымызда мына нәрсе болсын деп ойыңызды ашық айта аласыз, қалауыңыздай етіп ұйымдастыра аласыз”, – деп ойын бөлісті Лашын Ахметова.

Талқылау