Үйіне қайтудан бас тартып отыр: Шымкентте жоғалып кеткен оқушы қыз табылды
Шымкент криминалды полициясы 5 қаңтарда жоғалып кеткен 15 жастағы Анель Сағидуллаеваны тапты. Алайда қыз үйіне қайтып оралудан бас тартқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қыз 30 желтоқсанда туыстарымен болған жанжалдан кейін үйінен кетіп қалған. 7 тәулік бойы полицейлер мен еріктілер қызды күні-түні іздеген.
"Анықталғандай Анель бұл күндері бейтаныс адамдардың үйінде жасырынған. Өз бетінше жұмысқа орналасуға тырысқан. Кәмелетке толмаған қыздың айтуы бойынша, үйден қашуға анасының жиі ұрып-соғуы себеп болған. Жасөспірім үйге барудан түбегейлі бастартып отыр", – делінген хабарламада.
Полицияда бұған дейін Анельдің үйінен үш рет қашқанын хабарлаған. Бірақ полицейлер қызды тауып, үйіне қайтарып отырған.
"Қазіргі таңда әкімдік, Білім басқармасы және полиция қызметкерлері тарапынан арнайы комиссия құрылды. Олар анасын ата-ана құқығынан айыру туралы құжаттарды жинайды. Бұл уақыт аралығында қыз Кәмелетке толмағандарды бейімдеу және оңалту орталығына орналастырылады", – деп қосты ведомство өкілдері.

Маңғыстауда тұрғындардың үйлерін, көшелерін қоңыз басты: Аумақтық инспекция жәндіктермен күресті халықтың өзіне қалдырды (видео)
