Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үйдің қабырғасы түгілі, іргетасы да қаланбаған: Құрылыс компаниясына ақша құйған ақтаулықтар шу шығарды

Ақтауда құрылыс компаниясына миллиондаған қаражат салып, үйлерінің кілтін ала алмай жүрген үлескерлер шыдамы таусылғандарын жеткізді. "К7 GROUP" құрылыс компаниясы бастаған үйдің қабырғасы түгілі, іргетасы да қаланбапты. Ал осыдан 10 күн бұрын Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев компаниялардың салғырттығынан тұрғындар зардап шегіп жатыр деп, жауапты қызметкерлеріне бұл мәселені шешуді тапсырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

"Жеті Қазына" тұрғын үй кешенінен пәтер алуға ниеттеніп, жиған-терген ақшасын құйған үлескердің бірі Перизат Әділханова. Ол 2019 жылы құрылыс компаниясымен келісімшарт жасап, 3 пәтер үшін 30 миллион теңге құйған. Құжат бойынша үйлерінің кілтін 2020 жылдың маусым айында алуы керек болған. Бірақ содан бері баспанасына қол жеткізе алмаған. Соның кесірінен ай сайын пәтер жалдауға мәжбүр.  

“Сіздер ақшаларыңызды алғыларыңыз келсе, алып кете беріңіздер, біз бәрібір ешнәрсе жоғалтпаймыз” деп айтты. “Келесі жылдың 2022 жылдың 3-4 тоқсанында аласыздар, бізде басқа амал жоқ, материал жоқ, құрылысшылар жоқ” деп айтты”, – дейді үлескер Перизат Әділханова. 

Үлескерлердің айтуынша, компания үй құрылысын аяқтау мерзімін осымен бірнеше мәрте шегеріп келеді. "К7 GROUP" құрылыс компаниясының өкілі барлық мәселе пандемияның кесірінен туындап отыр дейді. Сөзінше, өңірде құрылыс материалдары тапшы.

“Соған байланысты біз жұмысымызды белгілі бір уақытқа кідіртуге мәжбүр болдық. Қазіргі таңда мекеме басшылығы осы тығырықты шешу мақсатында өздері өндірістік аумақтан цех сатып алып жатыр. Іске қосу жұмыстары жүріп жатыр, жақын арада бастаймыз. Қосылған сәттен бастап осы салынып жатқан нысанға қажетті толықтай плита жабындысын жабдықтауға мүмкіндігіміз болады”, – дейді құрылыс компаниясының өкілі Бақыт Меңдібаев.

Компания 10 блоктан тұратын тұрғын үй кешенінің 5 блогының құрылысы аяқталды, қалғанын біте салысымен пәтер кілтін табыстаймыз деп отыр. Ал үлескерлер мәселе тез арада шешілмесе облыс әкімі мен прокуратураға шағымданбақ.

Дидар Халық
Сәрсенбі, 20 Қазан, 2021 07:39
Талқылау