Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үйдің алды қоқысқа толды": Шымкент тұрғындары көпқабатты үйдің жанындағы заңсыз саудаға шағымданды

Шымкентте көпқабатты үйдің тұрғындары заңсыз саудагерлерге шағымданды. Сөздерінше, мәселелерін айтып полицияға шағым түсірген. Алайда бұған қарамастан жабайы саудамен күресуді бастамаған дейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Айбат" жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

сауда

Шымкенттегі "Бірінші май" көшесінің тұрғындары 8 жылдан бері заңсыз сауданың мазаларын қашырғанын айтады. Олар жаз шықса, көпқабатты үй жанындағы сауданың көбейетінін айтады. Балаларды далада ойнатудан қалдық деген тұрғындар басшылықтың еш шара қабылдамағанына наразы. 

"Бұл жайма базардың берекемізді қашырғанына 8 жыл болды. Жаз болса тыныштық жоқ. Түнгі 12-ден бастап келіп, айқай-шу шығарады. Түнде тыныштық бұзғанымен қоса, есік алдына қоқыс шашып кетеді. Тынығатын жер емес, қоқыс алаңы секілді", – деді тұрғын Марианна Сидникова. 

Базарда көбіне қолданылған заттар сатылғанымен, мұны сатып алатындар саны аз емес. Сатушылар ыстық күннің астында жетіскеннен отырмағандарын айтады. 

"Базарда орын жоқ. Әрі ақысын ақтай алмайсың. Амалсыз осында отырмыз", – деді сатушылардың бірі. 

Ал әкімдік өкілдері жабайы саудамен күресті үш жыл бұрын бастағандарын мәлімдеді. Дегенмен заңсыз сауданы толық жоя алмаған. 

"2019 жылдан осы мәселені шешуге тырысып жатырмыз. Заңсыз сауданы тоқтату үшін адамдармен түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Қазір сауданың ауқымы бұрынғыдан кішірейді. Қазір сатушылар саны 300-400-ден 100-ге дейін азайды. Әрі қарай жұмыс істейміз", – дейді Шымкент қаласы Абай ауданы кәсіпкерлер бөлімінің басшысы Алмас Жарасов. 

Талқылау