"Үйде жейтін ештеңесі жоқ, қандай білім береді": Қазақстандағы жекеменшік мектеп мұғалімдерінің жалақысының кешіктірілуіне депутаттар наразы
Фото: Shutterstock.com
Қазақстандағы жекеменшік мектеп мұғалімдері бірнеше айдан бері жалақыларын ала алмай жүр. Сенатта қаралған мәселе бойынша өңірлердің қарызы 2,9 миллиард теңгеге жеткені айтылды. Депутаттар бұл жағдайды сынға алып, "үйде жейтін ештеңесі жоқ" мұғалімдер балаларға қалай тәрбие бере алады деп дабыл қақты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқу-ағарту министрлігіне қарасты бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры Жанар Рахметованың айтуынша, қазір жекеменшік мектеп мұғалімдеріне қарыз 2 миллиард теңгеден асады.
"Шамамен 74 миллиард теңге алдын ала бар, бірақ жергілікті әкімдіктер әлі нақты бөлген жоқ. Мамыр және сәуір айлары үшін төлем кешігуі – шамамен 2,9 миллиард теңге. 23 қыркүйекте 5 миллиард болған. Бүгінде 2,9 миллиард теңгеге азайды. Яғни, министрлік бұл қаражаттың бөлінуін қолмен қадағалап, бақылап отыр", – деді ол.
Алайда оның бұл пікірі депутаттарға ұнамады.
"Міне, мамыр мен сәуірдің жалақысы берілмей отыр. Әңгіме балалар туралы болып отыр ғой", – деді депутат Нұрия Ниязова.
Ал сенатор Сұлтанбек Мәкежанов оқу-ағарту министрлігінің ұстанымын сынға алды.
"Қазір біз жасанды интеллект жайында айтып жатырмыз, ал мұнда да қолмен басқару дейміз бе? Бұл адамдардың тағдыры, олардың күнкөрісі осы жалақыға байланысты. Қалайша бұлай жауап беруге болады? Бұлар біздің балаларға білім беріп жатқан әріптестеріңіз. Мұғалім өз еңбекақысын ала алмай, үйінде жейтін ештеңесі жоқ болса, ол қалайша балаларды жақсылыққа тәрбиелейді?" – деп ашынды сенатор.
"Ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті": Тоқаев мұғалімдерді мерекесімен құттықтады
604 963 теңге: Қазақстанда орташа жалақы өседі деп болжанып отыр
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында "Жуалы-су" қызметкерлері айлықтың кешігуі мен ауыр еңбек жағдайына наразылық білдірді. Жұмыс көлемі артқанымен, еңбекақы уақытылы төленбейді. Әкімдік қаржы тапшылығын алға тартты, ал жұмысшылар талап орындалмаса ереуілге шығатынын айтты.

"443 мың теңге айыппұл”: Қазақстандықтар екі-үш жерде 12 сағаттан көп жұмыс істесе қандай жауапкершілікке тартылады
