Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Студенттердің шәкіртақысында несі бар": Қазақстандықтар шетелде оқитын жастарға салық төлету туралы ережені сынға алды

шетелде оқитын қазақстандық студент салық төлейді

Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалған

Желіде жұртшылық шетелде оқып жатқан қазақстандық студенттердің шәкіртақысынан салық алынатынын сынады. Айтуларынша, онсыз да жалғыз шәкірақыға күн көріп жүрген жастарға бұл шешім ауыр соққы болады. Әрі елге оралып, қызмет етуге деген ниеттерін өшіреді. Ел үкіметі неліктен тіпті студенттерге де салық салып отыр? Бұл заң әділетті ме? Осы тұста Stan.kz тілшісі әлеуметтанушы мен министрліктен бұл салықтың мәнін сұрап көрді. 

Қазақстандықтар үкіметтің бұл шешімін орынсыз деп бағалап жатыр. Айтуларынша, мемлекет онсыз да талапкерлерге шетелге түсер кезде еш көмек бермейді. Оның үстіне талапкерлер сол шәкіртақыға жету үшін де көп қаражат жұмсап, талмай еңбектенеді. 

шетелде оқитын студенттерге салық салу

Фото: Желі кадрларынан скрин

“Шетелде оқитын және сол елдің бюджетінен стипендия алатын қазақстандық студенттер биылдан бастап сол “табыстарынан” мемлекетімізге 10% салық төлеуге міндеттеліпті. Елден жырақта білім алып жүрген студенттің стипендиясына көз тігетіндей мүшкіл жағдайға қалай келді мемлекетіміз?”, “Бұл шәкіртақы олар үшін тұратын елінде бір айына әрең жетеді”, “Мемлекет олардың шетелдегі оқуына түсуге қандай көмек көрсетті”, “Қайыршылардан да салық ұстайды”, “Не сұмдық, студенттердің шәкіртақысында нелері бар? Өздері оқуға түсуге, білімге, тіл үйренуге, жолына қаншама ақша жұмсады? Мұны үкімет қайтара ма?”, – деп жазды жұртшылық.  

“Студентке салық салу әлсіз топтарға салмақ түсіру”

Әлеметтанушы Расул Рысмамбетовтың айтуынша, бұл мемлекеттің жасап отырған үлкен қателігі. Себебі студенттердің шәкіртақысы ол –  табыс емес, күнкөріс шығыны.

“Мұндай салықтардың мақсаты көбіне формалды түрде түсіндіріледі. Салық режимін біріздендіру және салық базасын кеңейту. Алайда шәкіртақы бұл мемлекеттің немесе жеке қорлардың адам капиталына құятын инвестициясы. Яғни бұл кәдімгі табыс емес. Мұндай жағдайда салықтың бюджетке пайдасы тым аз. Ал қауіпі зор. Ол жастардың мотивациясын әлсіретіп жібереді. Экономикалық тұрғыдан алғанда, студенттерді салықтан босату немесе ең болмаса белгілі бір мөлшерге дейін салық салмау әлдеқайда орынды”, – деді маман. 

Әлеуметтанушы сонымен қатар, дамыған елдерде білім алуға арналған шәкіртақылар толық немесе жартылай салықтан босатылатынын алға тартты.

“Әсіресе егер ол қаражат оқу ақысын төлеуге, жатақханаға немесе оқу құралдарына жұмсалса, салық салынбайды. Салық көбінесе шәкіртақы нақты жұмыс үшін төленетін жалақы сипатына енген кезде ғана пайда болады. Жалпы қағида оқу мен ғылыми қолдау салықсыз және жеңілдікпен беріледі.

Сондықтан бұл әділетсіз шешім. Студент үшін 5–15% көлеміндегі салық – бұл кітап, жатақхана, медициналық сақтандыру немесе зертханалық шығындарды мемлекетке берумен тең. Студентке салық салу әлсіз топтарға салмақ түсіру деген сөз. Ал жағдайы жақсы жастар онсыз да өзін қамти алады. Әлеуметтік әділеттілікке сай, шәкіртақыны салықтан мүлде босату немесе ұсталған соманы басқа жолмен өтеп беру керек”, – деп қосты ол. 

Расул Рысмамбетов аз ғана қосымша салықтың өзі оқу қолжетімділігін төмендетіп, жастарды түрлі халықаралық бағдарламалардан бас тартуға итермелеуі мүмкін екенін жеткізді.

“Бұл таланттар үшін жүріп жатқан халықаралық бәсекеде Қазақстанның ұтылуына әкеліп соғады. Ұзақ мерзімде бұл елдің өндіріс өнімділігіне де, технологиялық дамуына да кері әсер етеді. Егер студент оқуына берілген шәкіртақының бір бөлігін салыққа төлесе, елінен көңілі қалып, шетелде қалып қою ықтималдығы артады. Бұл дегеніміз біз бір болашақ мықты ғалымнан, инженерден, дәрігерден, ұстаздан айырылуымыз мүмкін. Сонымен қатар сол адам әкелетін салықтан, инновациядан, біліктіліктен де құр қаламыз. Шәкіртақы – табыс емес, бұл инвестиция. Ал сол инвестицияға салық салу – ел үшін тым қымбатқа түсетін қателік”,- деп қорытты маман. 

“Қазақстан әрдайым шетелде білім беруді қолдау саясатын ұстанады”

Stan.kz тілшісі Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінен бұл ереженің неге сүйеніп енгізілгенін сұрап көрді. 

“Салық кодексінің 341-бабына сәйкес студенттерге төленетін стипендиялар мен "Болашақ" бағдарламасы аясындағы төлемдер салықтан босатылады. Дегенмен Қазақстаннан тыс жерлердегі білім беру ұйымдарында оқитындарға төленетін стипендиялар мен гранттар қолданыстағы кодекстің ережелеріне кірмейді.

Осыған байланысты, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей декларациялауға кезең-кезеңімен көшу шеңберінде шетелде табыс алған қазақстандық жеке тұлғалар есептік салық кезеңі үшін табысы мен мүлкі туралы декларацияны (633-баптың 1-тармағы 5-тармақшасы) өз бетінше тапсырады. Бұл декларацияда, сондай-ақ, шетелдік банктердегі банктік шоттарда 2024 жылғы желтоқсанның соңында 1000 еселенген айлық есептік көрсеткіштен асатын (яғни 3 миллион 692 мың теңге) қаражат болған жағдайда шетелден алынған табыстар да көрсетілуге тиіс”, – деді ведомство. 

Министрлік Қазақстан әрдайым шетелде білім беруді қолдауда жоғары білікті мамандарды даярлауға бағытталған саясатты ұстанатынын алға тартты.

"Болашақ" және өзге де мемлекетаралық гранттар секілді халықаралық бағдарламалар арқылы қосымша ынталандыру шаралары ретінде салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, жаңа Салық кодексінде 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап шетелде білім беру ұйымдарында оқитындарға төленетін гранттар мен стипендияларды қоса алғанда, гранттар мен стипендия түріндегі жеке тұлғалардың табыстарын жеке табыс салығынан босату нормасы көзделген”, – деп қорытты ведомство.

Гүлсезім Мұхатай
Дүйсенбі, 29 Қыркүйек, 2025 18:38
Талқылау