"443 мың теңге айыппұл”: Қазақстандықтар екі-үш жерде 12 сағаттан көп жұмыс істесе қандай жауапкершілікке тартылады
Қазақстандықтар еліміздегі екі немесе одан да көп жерде жұмыс істеуге тыйым салатын нормаға наразылықтарын білдіруде. Айтуларынша, күн сайын өсіп жатқан бағаға қарамастан, жалақы өзгеріссіз қалып отыр. Көпшілік бірнеше жерде жұмыс істеп, отбасын асырауға мәжбүр. Алайда енді негізгі және қосымша жұмысты қоса алғанда, 12 сағаттан артық еңбек етуге шектеу қойылмақ. Бұл талап орындалмаса, не болады? Stan.kz тілшісі бұл ереженің нақты қалай жұмыс істейтінін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен сұрап білді.
“Екі-үш жерде жүмыс істемесек бір айлықпен аш қаламыз”
Роза есімді алматылық бойжеткен бұл норманың талаптарымен келіспейтінін алға тартты. Айтуынша халықтың көбісі орташа айлықты күнкөріске жеткізе алмайды.
“Көп халық орташа айлықпен күн көріп жүр. Сол үшін кейбір қажеттіктерімді жабу үшін, жалпы күнкөрісім үшін қосымша жұмыс істеймін. Бір кездері тіпті қосымша еден жуған сәттерім болды. Қосымша жұмысымнан міндетті төлемдерді төлеп отырамын.
Өз ипотекасын өзі төлейтін, коммуналдық қызметтер, интернет, тариф, тамақ пен жолақы, дәрі-дәрмек және басқа да қажетін өзі төлеп жүрген, Алматы немесе Астанада өмір сүретін адамдарға бір айлықпен күн көру қиындау. Мегаполистердегі көп халық біраз қалауларын тежеп, әр айлығын үнемдеп жұмсайтынына сенімдімін. Өйткені бәрі уақыт өткен сайын қымбаттап жатыр. Осыдан да барлығы бірдей қалаған затын сатып ала бермейді. Қалаған жерінен тамақ іше бермейді. Тіпті қыдырса да, бюджеті жететін жерді таңдайды. Тегін ұйымдастырылған іс-шараларды іздейді. Өз басым әр айлығыма 2-3 қана қажетімді жаба аламын. Одан бөлек бір зат керек болса, келесі айлығымды күтемін. Сырттан тамақтанбай, ақша үнемдеп жүруге тырысамын. Түнде кешірек қайтсақ, таксиге мінеміз. Осының бәрі Алматы сияқты қымбат қалада біразға шығады”, – деді ол.
Роза нормадағы 12 сағаттан аспауы қажет деген норманы түсіне алмағанын алға тартты.
“Осылай өз күнін өзі көріп, өзінің несиесі мен қажетін өзі төлеп жүрген адамдарға мемлекеттің "екі жұмыс істеуге болмайды" дегені қай сасқаны? Шынымды айтсам, түк түсінбедім, оның 12 сағаттан асып кететінін қалай есептемек? Ең бастысы азаматтар үкіметке алақан жаймай, "жәрдемақы бер" деп сұранбай, өзін асырап әрі табысынан тиісті салығын төлеп жүрген жоқ па? Ол 12 сағат немесе одан көбірек жұмыс істеп жүрсе, денсаулығы, шамасы жетіп тұрған шығар? Отбасын асырау керек шығар? Мемлекет қайта айлықтың мөлшерін өзі белгілейтін, жеке компанияларда жұмыс істейтін азаматтарға жалақысын өсіруге жәрдемдеспей ме? Доллармен есептесек, біздің жалақымыз көтеріліп жатқан жоқ, бір орында тұр. Алатын заттарымыз бен жалақымыз сай келмейді, көбі тамаққа кетеді. Осыдан да шығар, көбі несиеге жүгіреді. Ел қатарлы қаражат жинасам деп талпынып көресің, бірақ оны да тұрақты жинау үшін жеткілікті табыс керек”, – деп қосты ол.
Желі қолданушылары да бұл норманы қызу талқылауда.
“Ешкім еріккеннен 2,3 жерде істемейді! Не сұмдық мынау?! Бізде 16 сағатқа толмағасын басқа жерде де жұмыс істейтін мұғалімдеріміз бар”, “Бір айлық жетпесе жанымызды қинап не бар? Баға күнде шарықтап жатыр, кімнің миы жетті екен осыны айтуға?”, “1 миллион айлық кылындар. Сонда халық бір жерде жұмыс істейді”, “Екі-үш жерде жүмыс істемесек бір айлықпен аш қаламыз”, – деп жазды жұртшылық.
Фото: Желі кадрларынан скрин
“443 мың теңге айыппұл”: Жұмыс уақыты 12 сағаттан асып кетсе кім жауап береді?
Еңбек мемлекеттік инспекциясы комитетінің бас сарапшысы Шолпан Молдабекова заңдағы бұл норманың бұрыннан бар екенін айтып, ережені түсіндірді.
“Еңбек кодексі бойынша жұмыстың қалыпты ұзақтығы белгіленеді. Заңға сәйкес қоса атқарылатын жұмыс пен негізгі жұмыс бойынша күнделікті жиынтық тәулігіне 12 сағаттан аспауы керек. Бұл жұмысшыларға тым үлкен жүктеме түспеуі үшін, олардың денсаулығын қорғау үшін және отбасылық міндеттерін жұмыспен қатар атқаруға мүмкіндік беру үшін жүргізілген.
Азаматтар қосымша жұмыс берушімен еңбек шартын жасар кезде, басшы азаматтың негізгі жұмыс орнынан еңбек шарты туралы анықтама талап етуі керек. Кодекс бойынша қосымша жұмыста медицина қызметкерлерін қоса алғанда 18 жасқа толмаған жасөспірімдерге шектеу қойылады. Оларға ауыр зиянды жұмыс істеуге болмайды”, – деді
Маманның айтуынша, қалыпты жұмыс уақытының шегін орындамау заңға қайшы. Сондықтан бұл әкімшілік құқық бұзушылық болып танылады.
“Мәселе бірінші рет анықталса жұмыс берушіге ескерту беріледі. Ал бұл заң бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, онда жұмыс берушіге айыппұл салынады.
- Лауазымды адамдарға 40 АЕК (147 680 теңге);
- шағын кәсіпкерлік сбьектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 60АЕК (221 520 теңге);
- орта кәсіпкерлік субьектілеріне 80 АЕК (295 360 теңге);
- ірі кәсіпкерлік субьектілеріне 120 АЕК (443 мың теңге) көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Яғни жұмысшыға емес жұмыс берушіге айыппұл салынады. Ол жұмыс уақытын асырғаны үшін жауапты болады”, – деп қосты ол.
Шолпан Молдабекова артық жұмыс істейтіндерге жоспардан тыс тексерістер өтеді.
“Ол көбіне құқықтары бұзылған жұмысшылардың өздерінің шағымдары негізінде жүргізіледі. Сонымен қатар профилактикалық тексерістер деген бар. Жыл сайын Бас прокуратура тәуекелдерді бағалау негізі жүйесінде кесте қалыптастырады. Сол кесте нәтижесінде еңбек инспекциясы профилактикалық тексерістер жүргізіп отырады. Бұл профилактикалық тексерістер аясында анықталған заң бұзушылықтар болса, жұмыс берушілерге мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеу туралы ұйғарым беріледі”, – деп түсіндірді маман.
Сарапшы 12 сағаттық жұмыс уақыты кезінде жалақыға шектеу қойылмайтынын алға тартты. Яғни жұмысшының қанша жерден қанша жалақы алатыны тексерілмейді.
“Кодекс бойынша ең төмен жалақы мөлшері ғана қойылады. Оны төмендетуге болмайды, ал жоғарылатуына еш шектеу жоқ. Қазір адамдар екі ұғымды жиі шатастырып жатады. Бізде қоса атқарылатын жұмыс деген бар. Бұл – адамның негізгі жұмысынан бос уақытта басқа жұмысты келісімшартпен, тұрақты жалақыға орындауы. Көпшілік мұны қос лауазыммен шатастырады. Яғни бір жұмыс орнында бірден екі қызметті қатар атқару. Бірақ қос лауазымды тек жұмыс уақытының (8 сағат) ішінде ғана атқаруға болады. Яғни бір күнде, сол 8 сағат ішінде екі түрлі міндетті қатар орындайды”, – деп қосты ол.
Шолпан Молдабекова мұндай шектеулер керісінше халыққа пайдалы болатынын алға тартты.
“Бұл жұмыскердің пайдасы үшін жасалған бұрыннан бар норма. Жұмыс уақытында не үшін шектеу бар? Себебі адам демалуы керек. Жұмыс пен демалыс арасында баланс болуы керек. Мысалы кодекс бойынша бір жұмыс ауысымы 12 сағаттан аспайды. Ал келесі ауысым аралық демалыстың уақыты да 12 сағаттан кем болмауға тиіс. Яғни бұл адамдардың арасында отбасына көңіл бөліп, балансты сақтау үшін жасалған норма”, – деп қорытты ол.

"443 мың теңге айыппұл”: Қазақстандықтар екі-үш жерде 12 сағаттан көп жұмыс істесе қандай жауапкершілікке тартылады
