Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үйде отырып, тамаққа тапсырыс беру дұрыс емес": Димаш Құдайбергеннің анасы болашақ келініне қандай талап қоятынын айтты

Танымал әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Света Айтбаева келін түсіріп, ене атанатын уақыттың келгенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Оян” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

 Өнер иесінің айтуынша, ұлы Димаш Құдайберген шетелден етті аңсап келеді екен.

“Димаш келе жатыр” деген күннен бастап, әжесі қазанға етін сала бастайды. Күн сайын табақ-табақ ет асылады. Одан кейін бөлек нанмен жейтін қазысын асып қоямыз. Ол бала күнінен ет тағамдарын жақсы көрді. Жазда жеміс-жидек пен көкөніс пісетін маусымда банка жабамыз. Барлық отбасы секілді біз де қысқа дайындаламыз. Сенесіздер ме, Димаш үшін бір маусымда 100 банка компот жабамыз. Ол қолдан қайнатылған компотты өте жақсы көреді. Әлі күнге дейін сүйсініп ішеді”, – дейді әнші.

Сондай-ақ әнші болашақ келініне қандай талап қоятынын да айтты.

“Димаш үйленіп, келін түсіретін жасқа да жеттік. Келініме қоятын талабым жоқ. Өзінің үйінен ештеңе білмей келсе, бәрін басынан бастап үйретемін. Өзіміз де үй тірлігі мен тамақ істеуді қатырып үйреніп келген жоқпыз. Босаға аттаған шаңырақтан үйрендік. Ең қызығы бала күнімнен ішек-қарын тазалауды білемін. Димаш сияқты мен де ата-әжемнің бауырында өскенмін. Аға-жеңгеммен тұрдық. 7-сынып оқып жүргенде үйге қонақтар келетін болып, жеңгем үлгермей жатты. Сол кезде ішек-қарын тазалап бергенім бар. Бәрін өмір үйретеді. Қазіргі келін болатын қыздарға бәрі жайын. Ғаламтордан қарап неше түрлісін пісіре беруге болады. Бірақ өз басым үйде отырып, тапсырысқа тамақ алдырғанды құп көрмеймін. Ол дұрыс емес”, – дейді өнер иесі. 

Еске салайық, әнші ұлтабар тағамын жеп, ұл тапқан келіні туралы айтқанын жазған болатынбыз. 

 

Талқылау