Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үйде немерелері болған: Ақмола облысында үйіндінің астында қалып, көз жұмған кейуананың жақындары оқиға жайлы айтты

Ақмола облысында жер үйдің төбесі опырылып түсіп, алпыс үш жастағы кейуана көз жұмды. Марқұмның туыстары жедел жәрдем мен төтеншеліктердің кешігіп келгеніне наразы. Шатыры қираған үй осыдан 70 жыл бұрын салынған екен. Алайда ескі баспана апатты деп танылмапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

үй

Жер үйдің шатыры түнгі сағат он екілер шамасында, ел шырт ұйқыда жатқанда опырылып құлаған. Бөренелер басып қалған алпыс үш жастағы зейнеткер алған жарақатынан құтқарушылар келіп жеткенше қайтыс болған. 

“Мен іссапарда болғанмын. Әйелім хабарласып, үйдің төбесі опырылып түскенін хабарлады. Анам үйінді астында қалып қалған. Мен келгенше жұбайым жедел жәрдем шақырған. Бір сағатта келген. Төтеншеліктер де бір сағатта әрең жетті. Анам бір сағаттан бері жедел жәрдем ішінде жатқан. Бұл не сұмдық?!” – дейді марқұмның ұлы Александр Метров.

Апат кезінде үйде кейуанадан бөлек, екі немересі болған. Екеуі көрші бөлмеде жатқан. Төтеншеліктерге хабар берген де солар екен. Ал әжейдің көршісі шатырдың қирауы екі жыл бұрын шыққан өрттің салдары болуы мүмкін дейді. 

“Екі жыл бұрын үйден өрт шыққан соң үй иелері төбеге өздері жөндеу жұмысын жүргізген. Сол кезде су болған тақтайлар шіріп, содан төбе опырылған деген болжам бар”, – дейді көрші Оксано Скок. 

Ал әкімдік өкілдері тұрғын үйді апатты деп тану үшін баспананың меншікті иесі мамандандырылған уәкілетті ұйымға өтініш беру керек болған дейді. 

“Көкшетауда 2 үй апатты деп танылған. Үйді апатты деп тану үшін меншік иесі мамандандырылған уәкілетті ұйымға өтініш беріп, келісімшарт жасау қажет. Егер үй апатты деп танылса, тұрғын үй шаруашылығы басқармасына жүгініп, баспана кезегіне тұру керек”, – дейді Көкшетау қалалық тұрғын үй инспекциясының маманы Төлеу Ақтаев. 

Марқұмның мүрдесі қазір сот-медициналық сараптамаға жіберілген. Қазір қайғыдан қан жұтып, баспанасыз қалған кейуананың жақындары далада қалды. 

Талқылау