Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір үйдің бес баласы бірдей көз жұмды": Түркістан облысындағы 12 адамның қазасына қатысты ақпарат шықты

өртФото: Видеодан скрин

Түркістан облысының Жетісай ауданына қарасты Алғабас ауылындағы жеке тұрғын үйде өрт болған кезде екі отбасы болғаны анықталды. Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева әлеуметтік желіде жазды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Зәкиева тоғыз баланың қазасына байланысты жазба жариялап, қайғылы оқиғаның мән-жайын түсіндірді.

"Үйде екі отбасы, ата-аналар мен балалары бірге болған. Өрт шығып, соның салдарынан үйдің шатыры опырылып түскен", - деп жазды ол.

Оның айтуынша, өңірлік уәкіл психологиялық қолдау орталығының мамандарымен бірге оқиға орнына жолға шыққан.

Өрттен аман қалған үш адам қазір жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы олардың барлығының жағдайы ауыр екенін мәлімдеді.

"Медициналық мекемелерге екі ересек пен бір бала жеткізілді. Үшеуі де жансақтау бөлімінде, жағдайлары ауыр, бірақ тұрақты. Науқастарға қарқынды терапияның толық көлемі көрсетіліп, салалық мамандардың бақылауында", - деп хабарлады басқарма өкілдері.

Сонымен қатар облыстық медициналық ұйымдардан қосымша мамандар жұмылдырылып, қажетті дәрі-дәрмек пен психологиялық көмек толықтай қамтамасыз етілді.

Жергілікті әкімдіктің хабарлауынша, өрттен қаза тапқан тоғыз баланың ең кішісі 2024 жылы туған. Қаза болғандар арасында 2009, 2010, 2012, 2015, 2017, 2019 және 2021 жылдары туған балалар бар.

Қайғылы жағдайда көз жұмған бес бала бір отбасынан болған. Үш қыз және екі ұл бала. Ал екінші отбасынан 2018 жылы туған бір қыз бала ғана аман қалған. Сондай-ақ екі ересек адам жансақтау бөлімінде жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы Жетісай ауданындағы жеке үйде болған өрттің салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты. Үкімет пен Түркістан облысының әкіміне зардап шеккен азаматтардың туған-туыстарына барлық қажетті көмек көрсетіп, қайғылы оқиғаны жан-жақты тексеруді тапсырды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы жеке үйде болған өрттің себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен құрылған комиссия құрамына Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, Түркістан облысы әкімдігінің басшылығы енгізілді.

Зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі. Әкімдікке өрт салдарынан қаза тапқандарды жерлеуді ұйымдастыруға жәрдемдесу тапсырылды. Тергеу қорытындысы бойынша қосымша шешімдер қабылданатын болады.

Еске сала кетейік, 18 қарашада таңертең Алғабас ауылындағы екі қабатты жеке үйден 12 адамның мәйіті табылып, тағы үш адам ауруханаға жеткізілген.

Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 18 Қараша, 2025 10:36
Талқылау