Ит, мысық пен жыландарды көлікпен қалай тасымалдау керек: "ҚазАвтоЖол" кеңес берді
Фото: freepik.com
"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы үй жануарларымен бірге шығатын сапарды қалай қауіпсіз әрі жайлы етуге болатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық компания мәліметінше, саяхат тыныш әрі жайлы өтуі үшін үй жануарының қауіпсіздігі мен жағдайын алдын ала ойластырған жөн. Осылайша “ҚазАвтоЖол” үй жануарларын тасымалдауға арналған кеңес ұсынды:
Жануарды жабық көлікте қалдырмаңыз. Қызып кету немесе тоңу бірнеше минуттың ішінде орын алуы мүмкін;
Жануардың салонда еркін жүріп-тұруына жол бермеңіз. Бұл жүргізушіге және оған қауіпті;
Арнайы тор, қауіпсіздік белдігі немесе қосымша құралдарды пайдаланыңыз. Бұл кенет тежегішті басқан жағдайда жарақат алу қаупін азайтады;
Жайлы орта қалыптастырыңыз. Әуен, жарық пен иіс жануардың мазасыздануына жол бермейді;
Температура мен желдетуді қадағалаңыз. Салонда ыстық та, суық та болмауы тиіс, тек жайлы микроклимат.
Компания мәліметінше, сапарға шығардан бірнеше күн бұрын жануарды тасымалдау торына немесе көлікке үйреткен жөн. Ол осылайша өз иісін танып, орнын қауіпсіз мекен ретінде қабылдауға тиіс.
Иттер
Ұзақ сапарда әр 2–3 сағат сайын аялдама жасап, жануарға серуендеп, қажетіне баруға мүмкіндік беріңіз;
Ең қолайлысы итті тасымалдау торында немесе салонмен жалғасқан жүксалғышта алып жүру;
Ит құсуға бейім болса, абсорбциялық жөргектер мен сулықтарды алдын ала дайындап қойыңыз;
Ыстық күндері итке су қажет: арнайы құты мен ыңғайлы тостағанды ұмытпаңыз.
Мысықтар
Мысықтарға қатты немесе мата торлары бар арнайы тасымалдағыш өте қолайлы;
Ішіне таныс ойыншық немесе иесінің иісі сіңген көрпе салып қойсаңыз, жануар өзін жайлы сезінеді;
Мысық қатты үрейленсе, бау тағып, қолыңызға ұстауға болады. Бірақ тек сіз көлік жүргізбеген жағдайда.
Құстар
Кәдімгі тордың орнына ауа кіретін тесіктері бар жеңіл қорап немесе контейнер пайдаланған дұрыс;
Қыста тоңып қалмауына, ал жазда қызып кетпеуіне назар аударыңыз. Ең қолайлы температура – 20-25 C;
Құсты тыныштандыру үшін қорабын немесе торын жеңіл матамен бүркеп қойыңыз, бірақ ауа алмасуы сақталуы тиіс.
Кеміргіштер
Аламан, егеуқұйрық және теңіз доңызын пластик тасымалдағышта, ішінде азығы мен суы бар күйде алып жүрген дұрыс;
Торды терезе жанына қоймаңыз. Күннің сәулесі мен жел зиян келтіреді;
Ыстықта жануарды салқындату үшін дымқыл майлықты пайдаланыңыз.
Бауырымен жорғалаушылар және қосмекенділер
Жылан мен кесірткеге арнайы матадан тігілген қап немесе пластик контейнер ыңғайлы;
Қосмекенділерге (бақа, тритон) ылғалды орта қажет. Сондықтан контейнер түбіне дымқыл майлық немесе суланған қағаз төсеу керек;
Негізгі талап – тұрақты температура: бауырымен жорғалаушылар кенет өзгерістерді көтере алмайды.
“Сапарға шыққанда әрқашан жануарыңызға арналған шағын "жол дәріқобдишасын" алыңыз. Алғашқы көмекке қажет құралдар мен жол бойындағы ең жақын ветеринарлық клиниканың байланыс нөмірлерін жазып қойыңыз”, – делінген хабарламада.

4 миллион теңгеден 44 миллионға дейін: Әкімдіктер өңір логотипі бар брендтік өнімдерді алуға қанша теңге жұмсайды
