Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Утильдік алым мөлшерінің 50 пайызға қысқаруы: Қазақстанда осы өзгерістен кейін көлік нарығы түзелді ме?

Елімізде сырттан келетін көліктерге төленетін утильдік алым мөлшері өткен жылдың мамыр айында 50 пайызға қысқарған еді. Содан бері елдегі автокөлік нарығында айтарлықтай өзгеріс болмаған деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

көліктер

Елдегі көлік нарығындағы ахуалға Energyprom сараптамалық сайты шолу жасаған. Дерекке сүйенсек, утильдік алым мөлшеріне байланысты бұйрық өз күшіне енген кезеңнен бері айтарлықтай өзгеріс байқалмаған. Керісінше сырттан келетін көліктерге қарағанда отандық автоөндіріс қуаты әлдеқайда артып отыр. 

Өткен жылдың басында белсенділер сырттан әкелінетін көліктерге утильдік алым төлемін төмендетсе Қазақстандағы автопаркті жаңартуға болар еді деген тезис ұсынды. Осылайша 2021 жылдың мамыр айында бұл мөлшерді 50 пайызға қысқарту туралы бұйрыққа қол қойылды. Енді 2022 жылғы 12 айдың статистикасына көз жүгіртіп көрсек:

  • Өткен бір жыл аралығында ішкі нарықта 159,8 мың жаңа жеңіл автокөліктері сатылған. Бұл 2021 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 8,4 пайызға артық. Ал экспортқа 10,2 мың көлік жіберіліпті. 
  • Ал заң күшіне енген кезеңді ғана алатын болсақ, онда еліміздегі көліктер саны 291,7 мыңға ұлғайған. Десе де, оның ішінде 3 жыл болмаған жаңа көліктер қатары 22,2 мыңды ғана құрайды. Ал он жыл болған көліктер 33,7 мың болса, 22,8 мыңы жиырма жылдан асып кеткен екен. 

Осы орайда отандық автокөлік өндірісі әлдеқайда қуатын арттырғанын айта кеткен жөн. Мысалға өткен жылы қаңтардан 1 мамырға дейін шығарылған автокөліктің жалпы саны 30,7 мың бірлікті құраса, мамыр айының басынан желтоқсан айының соңына дейін 83,2 мың бірлікке жеткен. Оның ішінде жеңіл машиналар 76 мыңды құрап отыр. 

Жалпы утильдік алым кез келген елде отандық өнеркәсіптің дамуы, оның өркендеуіне кедергі болмауы үшін арнайы енгізіледі. Яғни халық өз өндірісіміздегі техникаларды сатып алуы, сыртқа көз сала бермеуі мақсатында. Десе де, елдегі бұл төлемнің төмендетілуі нарықты жаңалауға емес, керісінше көрші елдердегі ескірген көліктердің көптеп кіруіне мүмкіндік беріп отырғандай.

Талқылау