Үстіне бензин төгіліп кеткен әйел жанармай құю бекетінен 300 мың теңге өндіріп алды

Қостанайлық әйел жанармай құю бекетінен 300 мың теңге өндіріп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қостанай облыстық сотының мәліметінше, арызданушы әйел 2025 жылдың қазан айында кәмелетке толмаған балаларымен бірге, жүктілік жағдайында, көлігіне жанармай құю үшін бекетке келген. Жанармай құю колонкасына тоқтағаннан кейін, әйелдің он екі жастағы ұлы кассаға төлеуге кеткен. Ал әйелдің өзі көліктен түскен сәтте бензин мерзімінен бұрын беріліп, жанармай оның киіміне, терісіне және автокөліктің сыртына төгілген.
Оқиғадан кейін медициналық көмекке жүгінген жүкті әйелге “бензин буларымен улану” деген диагноз қойылған.
Қостанай қалалық соты арызданушы әйелдің өзі көлік құралын жанармай құюдың белгіленген тәртібін бұзғанын анықтады. Сот мәліметінше, жанармай құю колонкасында бензин құйып жатқан клиенттерге алдымен пистолетті көліктің багына салып, содан кейін ғана кассада төлем жасау қажеттігі туралы ескерту бар.
2026 жылға арналған Ораза кестесі жарияланды
Алайда сот азаматтық кодекске сәйкес, егер азаматтың өмірі мен денсаулығына жоғары қауіптілік көзімен зиян келтірілсе, оның ішінде жанармай құю бекеттері де бар, моральдық шығын зиян келтірушінің кінәсіне қарамастан өтелуге тиіс екенін атап өтті.
“Барлық мән-жайларды, жүктілік жағдайын, жеңіл дәрежедегі улануын, сондай-ақ жауапкердің келтірілген материалдық зиянды өтеген белсенді ұстанымын ескере отырып, сот жанармай құю бекетінен талапкердің пайдасына жалпы сомасы 300 мың теңгеден астам мөлшерде моральдық зиян мен сот шығындарын өндіріп алды”, – делінген сот хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін жаяу жүргіншіге балшық шашып кеткен Mersedes жүргізушісі айыппұл арқалағаны туралы жазған едік.