Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ушықтырмау үшін 200 мың теңге ұсынды": Өскемен тұрғыны арнайы мектеп-интернат тәрбиешісі балаларына күш көрсетті деп күдіктенеді

Өскеменде білім беру мекемелерінің бірінде тағы әлімжеттік тіркелді деген ақпарат тарады. Ольга Борщицына есімді тұрғын "№8 арнайы мектеп-интернатында" болып жатқан түсініксіз жайттарды сөз етіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің араласуын өтінді. Айтуынша, аз уақыт ішінде ұлы мен қызы бірдей зардап шекті. Stan.kz тілшісі тақырыпты толығырақ қамтып көрді.

Ольга Боршицынаның қолы сынған ұлы

"Тәрбиеші жазаға тартылмады"

Өзі дайындаған хатында Ольга Борщицына ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Бас прокурор Берік Асыловтың есімдерін атады. 

– Наурыз айының 7-сі күні Өскемендегі "№8 арнайы мектеп-интернатының" тоғызыншы сыныбында оқитын қызымды Айжан Нұртаева (аты-жөні өзгертілген) есімді тәрбиеші ұрып-соғып, шашынан сүйреді. Өзі мас болған. Қызымның сыныптастары куәгер ретінде мұны растай алады. Мектептегі бейнебақылау камералары мұны түсіріп алғанмен, жазба өшіріліп тастады. Осы жылы наурыз айының 13-і күні полицияға арыз жаздым, алайда қылмыс тобының болмауына байланысты іс тоқтатылды, – деді ол.

Бұл ретте мектеп қызметкерлері жағдайды әрі қарай ушықтырмайық деп арыз жазған әйелге 200 мың теңге ұсынған көрінеді.

“Оқиға мұнымен бітпейді. Дәл осы мектепте ұлым да кенет жарақаттанды. Сәуір айының 11-і күні (осы тәрбиешінің оқушысы) мектеп аумағында қараусыз қалып, қолын сындырып алған. Тәрбиеші ешбір жағдай бойынша жазаға тартылмады, жұмысын жалғастырып жатыр. Мектеп директоры істі жылы жауып қойғысы келеді. Тергеу амалдары әділ жүргізілсе екен”, – деді тұрғын.

Аталған мектептің өзгешелігі сол, мұнда жетімдер, психикалық дамуы кенжелеп, ата-ана қамқорлығын көрмей өскен балалар оқиды. Әрбіріне дұрыс бағыт тауып сөз бастамаса, жылдам құбылып шығады. Айта кетерлік жайт, осы тақылеттес жайт былтыр да көптің құлағын шулатқан еді. Сонда облыстық Білім басқармасындағылар шұғыл брифинг ұйымдастырып, арыз-шағымның көптеп түсуінен мектеп директоры Айгүл Картенованың тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны жөнінде ақпарат таратты. Ол кезде әлеуметтік желілерде сондағы мұғалімдердің артық жұмыс көп істейтіндігі де жазылған болатын. Мектеп жабдықтары үшін ақша жинау, жөндеу жұмыстарына тартылу, одан бөлек, оқушылар кабинеттердің іші суық деп жиі шағымданды. 

Директор не дейді?

ШҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының міндетін атқарушы Сәуле Болтабаеваның сөзінше, мектепте бірнеше бұзушылық анықталды. 

Ал №8 мектеп-интернат директоры жан-жақта таралып кеткен ақпаратқа қатысты әріптестері үшін кешірім сұрады. 

“Жағдайдан хабардар болған соң бірден кәмелеттік жасқа толмағандар ісі бойынша инспекторды шақырып, бейнебақылау жазбаларын қарадық. Одан бөлек, қыздың анасы құқық қорғау органдарына арыз жазды. Нәтижесінде ұрып-соғу фактісі тіркелмеді, оқушыға дене жарақаттары келтірілмеген. Кикілжің кезінде сол жерде болған балалармен  сөйлестік. Ешкім ешкімді ұрмағанын олар да растады”, – деді Айгүл Картенова.
Интернат директоры мекемеде педагог этикасын сақтау мәселесі күн тәртібінде тұрғанын ескере келе, тәрбиешінің "қатаң сөгіс" алғанын айтты.

– Бұдан бөлек, 200 мың теңге көлемінде ақша ұсынылғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Тәрбиешінің мас болғаны да анықталмады, – деді мекеме директоры.

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ
 

Талқылау