"Үш жылдан бері төбесі тесік жерде жұмыс істеуге мәжбүрміз": Шығыс Қазақстанда 40 жыл жөндеу көрмеген ескі мектептің мұғалімдері шенеуніктерге ашулы
Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында мектеп оқушылары төбесінен су аққан ескі мектепте оқуға мәжбүр. Осыдан 3 жыл бұрын мектеп-лицей ұжымын бұрынғы Мұхтар Әуэзов атындағы орта мектепке көшірген болатын. Аталған ескі ғимараттың төбесінен былтыр су сорғалап, жергілікті атқамінерлер "кемшілікті қалпына келтіреміз" деп уәде еткен. Содан бері көтерілген мәселенің әлі сеңіде қозғалған жоқ. Осылайша балалар тағы бір оқу жылының соңғы қоңырауын соқты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Аталған мектепте қазіргі таңда 310 оқушы білім алуда. 80 адам (мұғалімдерді қосқанда) жұмыс істейді. Күрделі жөндеуден өтіп, оқушыларға барлық жағдайы жасалған лицей ғимаратын өнер мектебі мен саз мектебі ұжымына беріп, лицейді еш жөндеусіз қаңырап тұрған, апаттық жағдайдағы ескі ғимаратқа көшірген.
Айта кету керек, былтыр Ақжарда жаңа мектеп пайдалануға беріліп, онда Әуезов мектебі көшіп барған. Ал Қ. Билялов лицейі сол Әуезов мектебінен қалған ғимаратқа ауыстырылған.
Бұл ғимарат 1983 жылы салынып, содан бері жөндеу көрмеген. 1990 жылғы зілзалада зақымданғаннан кейін сырты темірмен қоршалған. Жаңбыр жауған сайын төбесінен су сорғалап, кейбір оқу кәбинеттерінің есігін жабуға тура келеді.
Көңілдері күпті ата-аналар балаларының тағдырына алаңдап отыр.
“Барлық жағдай жасалады деп, бізді осы ғимаратқа көшірген болатын. Содан бері, міне, 3 жыл өтті, әлі ешқандай күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмеді. 3 жылдан бері осы төбесі тесік мектепте жұмыс істеуге мәжбүрміз, - дейді мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Бейбітгүл Иляшева.
Салынғанына 40 жыл болған мектептің материалдық-техникалық базасы көнерген. Сыныптардағы парта мен орындықтар да ескірген. "Көне тақта, сынған еден мен көгерген қабырғаға да көзіміз үйренген" дейді ұстаздар.
“Кабинеттерде жаңа бағдарлама бойынша материалдық жағдай мүлдем қарастырылмаған. Ағылшын тілі сабағында күнделікті сабақта видео сабақ өтіп, тындалым болуы керек. Не интерактивті тақта, не слайд көрсететін проектор, тіпті қарапайым компьютер жоқ. Құр тақта мен бор ғана”, - дейді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Тоғжан Жұмабекова.
Ал аталған лицей оқушыларының ата-аналары балаларын жабдықталған кәбинеттерде білім алғанын қалайды.
“Қазіргі таңда балаларымыз жақсы мектепте, жақсы кабинеттерде оқып, білім алса деген тілегіміз бар. Мектептің білім дәрежесі жоғары болғандықтан балаларымыз сондай дәрежедегі мектепте оқыса деп ойлаймыз”, - дейді ата-аналардың бірі Әлия Есболова.
Айта кетейік, осыдан 1 жыл бұрын ғимаратқа техникалық сараптама жасалған. Соның негізінде "Апатты жағдайдың алдында" деп қорытынды шығарылған соң, аудандық білім бөлімінің басшысы ғимаратты жөндеу үшін жобалық-сметалық құжат дайын деп сендірген. "Алайда қаржы бөлу құзыретімізге жатпайтындықтан облыстағы басшылардың шешімін күтіп отырмыз" дейді.
“159 миллион теңгеге сметалық жоба жасалған болатын. Ол мемлекеттік сараптамадан өткен. Облыстық Білім басқармасына, яғни, облыстық бюджеттен қаржы бөлуге өтінім берілген. Қазір сол қаражатты күтіп отырмыз. Тек қаражаттың шешілуіне байланысты болады”, - дейді Тарбағатай аудандық білім бөлімінің басшысы Самал Дәуітбаева.
Осы орайда облыстық Білім басқармасына хабарласқан едік. Өтінім берілгенімен, қаржы мәселесін облыстық мәслихат әлі мақұлдамапты. Шекара шебінде орналасқан ауыл балалары қашанға дейін төбеден аққан суды шелектеп таситыны әлі белгісіз.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
