Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үш жарым миллион теңге жұмсадық": Танымал актерлер Еркебұлан Дайыров пен Асан Мәжит жастар театрын ашты

Елімізде театрлар саны өте аз. Театр әртістері фильм мен ән әлеміне бет бұруға әуес. Және әртістердің басты табыс көзі той бизнес пен шоу-бизнесте екені ешкімге де жасырын емес. Мұның басты себептері мен салдарын жуырда ғана «ШАМ» деп аталатын жеке театрларын ашқан Еркебұлан Дайыров пен Асан Мәжит тілшімізге ашып айтты.

– Жігіттер, сұхбат беруге келісім бергендеріңізге рахмет! Жақында ашқан жеке театрларыңыздың қадамы құтты болсын! Жеке театр ашу кімнің идеясы болды? Ұсынысты кім бірінші айтты?

Еркебұлан: Қайсымыздың бірінші бастағанымыз есімізде жоқ. Асан екеумізге ортақ идея болғандықтан, менікі-сенікі деп бөліспедік. Көрерменге жағынайық, керемет доспыз деген де әңгіме емес. Асан екеуміздің бастапқы ойымыз кино әлеміне қадам басу болды. “Sham company” деп кино түсіретін продакшн, театр, одан бөлек шоу бизнес пен өнерге қызмет ететін басқа да салаларды қамтитын орталық ашу жоспарымызда болды. Әне-міне деп жүргенде карантин басталды. Одан соң әртүрлі саяси өзгерістер орын алды. Сондықтан алғашқы идеяны іске асыру қаржылық жағынан бізге тиімсіз болды. Көп қаражат қажет болды. Сондықтан өзіміз неғұрлым жақсы білетін саладан бастау алып, театр әлеміне өз үлесімізді қосқымыз келді. Қазір есіме түсіп отыр ең алғаш рет спектакль қою туралы ойды Асан айтты. Мен бірден қолдап кеттім.

Асан: Жалпы бұл үй ішінен үй тігу емес. Қазақстандағы барлық өнер қайраткерлерінің бас түйістіріп, бір идеяға жұмыс істейтін алаң болсын деген ниеттен туындаған.

– Алайда қосымша қомақты табыс көзі екенін де жоққа шығармайсыздар ғой?

Еркебұлан: Бала-шағаның қамы ол бөлек әңгіме ғой. Олардың несібесін, жалпы ақшаны басқа жақтан да таба аламыз. Әсіресе театрдан байып кетпейтініміз анық. Жалпы халықты мәдениетке, рухани байлыққа тәрбиелеу үшін өнерге көбірек күш салу керек. Қазір біздің күш-қайратымыз бар, ойымыз таза, идеяларымыз да заманға сай болғандықтан қолымыздан келгенін ұсынғымыз келді. Негізгі ойымыз, байып кету емес. Тағы да айтамын театрдан ешкім де байып кетпеген. Мақсатымыз: қазақ театрларының санын көбейту. Тек санын емес, сапасын да көрсеткіміз келеді.

– Алғашқы қойылымға дайындық қанша уақытты қамтыды?

Еркебұлан: 1,5-2 айдай уақыт жұмсалды. Алла қаласа, қыркүйек өзіміздің жаздай істеген жұмысымыздың нәтижесін көрсеткіміз келеді.

– Мемлекеттік театрларға бюджет мемлекет тарапынан бөлінетіні айдан анық. Ал, сіздердің жеке театрларыңызға ақша қайдан бөлінеді?

Еркебұлан: Әрине, қалтамыздан бөлінеді. Одан бөлек өнерге жанашыр ағалардан бөлінеді. Демеуші ағалардың қолдауымен «Шам» театры өзінің алғашқы қойылымын көрерменге ұсынғалы отыр.

– Алғашқы қойылымға, жалпы «ШАМ» театрының тұсаукесеріне шамамен қанша ақша жұмсалды?

Асан: Театр – шығыны көп өнердің саласы емес. Спектакльде бой көрсететін үлкен аға-апаларымыз біздің идеямызды қолдап келді. Шығын декорация, реквизит, жарық қоюшы және музыка жазушы жігіттерге төленді. Жалпы орта есеппен алғашқы қойылымға 3.5 миллиондай қаржы жұмсалды.

– Жұмсалған қаржының қомақтылығына қарап, өте ауқымды қойылым екенін ішіміз сезіп отыр. Алайда кеше мен билеттерді қараған кезде ең арзаны 5000 теңге, ең қымбаты 10 000 теңге екенін байқап қалдым. Әдетте спектакльдердің бағасы арзан болатын еді. Неліктен билет бағасы қымбат?

Асан: Иә, көрермен «неге сонша қымбат» деп жазып жатыр. Бұл тақырып жастарға арналмаған. Жас шектеуі бар. 18+ деп айтсақ та болады. Бірақ бұл анайы нәрсені қозғайды деген сөз емес. Біздің көтерген тақырыпты жастар түсінбеуі мүмкін. Бірақ ес тоқтатқан, көкірегі ояу, көзі ашық көрермен үшін өте пайдалы әрі жақсы дүние болады деп ойлаймыз. Сондықтан бағаны қымбат қойдық.

Еркебұлан: Біз өзімізді арзан тұратын адамбыз деп айта алмаймын. Әзіл ғой)) Шындығында,  мемлекеттік театрлар да билеттің бағасы қолжетімді. Өйткені, мемлекеттің қолдауымен театр қаржыландырылады. Біздің театр демеуші ағаларымыздың ақшасына қойылған соң, біз оны қайтару керекпіз ғой. Тегіннен тегін келген дүние емес. Әр нәрсенің сұрауы бар. Бұл – бір. Екіншіден, Ресейлік В.Л.Машков немесе С.В. Безруков келсе, олардың билеті ең арты 10 000 тг басталып, алдыңғы қатарлар 100$ дейінгі жалғасады. Бірақ қазақтар оны қымбатсынбайды. Барады. Неге біздің қазақтар өзіміздің қазақ жігіттеріне келмеуі керек?! Біздің олардың ешқандай да бір саусағымыз кем емес. Біздің көтеріп жатқан тақырып та, материал да бізге керек. Басқа елге, басқа ұлтқа емес, біздің осы Қазақстанда өмір сүріп жатқан адамдарға керек. Және біздің басымыздан өткен оқиғаларды қозғаймыз. Сондай жағдайда өздерін қалай ұстау керектігін қозғаймыз. Сондай танымдық қойылымға 10 000тг қымбат көрсе, білмедім... Енді патша көңіл көрерменнің өз шешім ғой... Бізді де, біздің еңбегімізді де бағалап келетін көрермен көп болады деп сенеміз.

– Ендеше үміттеріңіз бен сенімдеріңіз ақталып, көрермендеріңіз көп болсын деп тілейміз!

Сұхбаттың видеонұсқасын YouTube арнамыздан көре аласыздар: 

 

Талқылау