"Үш саусақты бөгдеғаламшарлықтар": Ғалымдар 1000 жылдық "жатпланеталықтарды" таныстырды (видео)
Мексика парламентінде Хайме Маусаан есімді уфолог ғалым мен журналист бір шахтада табылған, 1000 жылдық бөгдепланеталықтарды таныстырды. Олар "жат денелерді" көрсетіп, шынайы екеніне ант берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі El Pais басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Бейнеден алынған
Маусаан ескі досы, ұшқыш әрі авиадиспетчер Энрике Кольбектің НЛО-ға деген сеніміне бастапқыда күлгенін, кейінен өзі де түсініксіз құбылыстарға тап болғанын айтты. Уфолог досының қоңырау шалып, радардан оғаш жарқылдар көргенін айтқанын есіне алды.
Содан кейін сөз кезегін өзіне алған Кольбек, диспетчер болып жұмыс істеген кезде 1975 жылы ұшақтың жанынан жұмбақ нысан көргенін, 1994 жылы шілдеде екі НЛО және 2002 жылдың қазан айында металл шарлар байқағанын айтты.
Парламент отырысына басқа елден келген өкілдер де қатысты. Гарвард университетінің астрофизигі Ави Лоб аспанда кезіккен металл шарлар туралы ақпаратты бүкіл әлем білуі керек екенін жеткізді.
Жапондық конгрессмен Йошихару Асакава өз елінде НЛО үнемі байқалатынын, бірақ саясаткерлер бұл тақырыпты ашық талқылаудан бас тартатынын айтты.
Фото: Kp.ru
Бразилияның Физикалық зерттеулер орталығының қызметкері Рони Тадеу Вернет әскерилер аспандағы жұмбақ нысандар туралы ақпаратты жасырып жатқанына шағымданып, бұл тақырыпта "әлеуметтік және діни көзқарассыз" еркін сөйлеуге шақырды.
Осыдан кейін Конгресстің төменгі палатасының өкілі Серхио Гутьеррес Луна сөз сөйлер алдында уфолог пен журналистен "шындықты айтып жатырмыз" деп ант беруін талап етті.
Маусаан қайтадан сөз алып, 2004 жылы Мексика әуе күштері түсірген бейнелерді көрсетті. Оның айтуынша, ұшақтың инфрақызыл камералары Тынық мұхиты жағалауынан 160 шақырым жерде жарық шарларына ұқсас 11 ұшатын нысанды тіркеген.
Соңында журналист аудиторияға қол-аяғы үш саусақты бөгде планеталықтардың мумияланған денелерін көрсетті. Оның айтуынша, олар Перудағы Наска үстіртінен табылған.
Журналист Мексиканың Ұлттық автономиялық университеті ғалымдарының зерттеулеріне сәйкес, бұл тіршілік иелерінің ДНҚ-сы адам ДНҚ-ның үштен біріне ерекшеленеді. Бұл олардың "бөгдеғаламшарлық" екенін дәлелдейді.
Фото: Kp.ru
Маусаан радиокөміртекті анықтау нәтижелері бойынша "жат ғаламшарлықтардың" жасы мың жылдан асқанын және олардың кейбіреулері жұмыртқа салғанын атап өтті.
Хайме Маусаан Наска үстіртіндегі мумияланған үш саусақты жат планеталық туралы бірінші рет айтып отырған жоқ. 2015 және 2017 жылдары оның тұжырымдары әшкере болды. Сарапшылардың айтуынша, олар ежелгі діни рәсімдер салдарынан бас сүйектері деформацияланған балалардың қалдықтары болып шықты.
26 шілдеде Вашингтонда АҚШ Конгресінің қадағалау жөніндегі кіші комитетінің тыңдауы өтті. Конгрессмендер бұрынғы барлау офицері Дэвид Груштың мәлімдемесін тыңдау үшін жиналды. Ол америкалық биліктің көп жылдан бері апатқа ұшыраған шетелдік көліктерді зерттеп келе жатқанын айтты.
Оның айтуынша, әлемде 80 жыл бойы көптеген елдер арасында – дұшпандық та, достық та, көзге көрінбейтін күрес те жүріп жатыр. Әр ел бөтен технологияларды қолдану және әскери артықшылыққа қол жеткізу үшін шетелдіктер барған немесе олардың құрылғылары құлаған жерлерге бірінші болып жетуге тырысады.