"Үш майданда болып, үш рет оқ тиді": Алматылық 100 жастағы ардагер қан майдандағы ерлігі жайлы сыр шертті
Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Отан соғысы мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпитальде ем алып жатқан соғыс ардагерлеріне арналған мерекелік шара өтті. Салтанатты кеш барысында Ұлы Отан соғысының ардагері алматылық жүз жастағы Ізгілік Дабаев өзінің жауынгерлік өмірі туралы БАҚ өкілдеріне сыр шертті. Майдангердің бастан өткен оқиғасын Stan.kz тілшісі де тыңдап қайтты.
"1922 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Ақтоғай ауылында дүниеге келдім. О заманда қазіргідей сайрап тұрған теледидар жоқ. Соғыстың хабарын да көшедегі радиодан естідік. Сөйтіп 1941 жылдың маусым айында әскер қатарына қабылдандым. Мәскеу түбіндегі болған майданның бел ортасында жүріп, Берлинге дейінгі қанды шайқастардың куәгері болдым", – деп сабақтады қария сөзін.
Бүгінде госпитальда ем алып жатқан майдангердің денсаулығы қалыпты. Әр жеңіс күнін асыға күтетін Ізгілік ата жауынгерлік жылдарын былайша еске алады:
"Мәскеу түбіндегі соғыста біздің әскерлер ерліктің үлгісін көрсетті. Қиян-кескі шайқаста біз 350 мың фашисті тұтқынға алдық. Осыдан кейін олар тапырақтап, кейін шегіне бастады. Біздің панфиловшылар фашистердің танкісін қиратты. Біз жауды 8 мамыр күні толықтай жеңдік. 9 мамыр күні Рейхстагқа жеңістің қызыл туын желбіретіп тіктік", – дейді.
Ізгілік Нұрмағамбетұлы үш майданда болып, үш рет оқ тигенін айтады.
"Менен көпшілігі қалай аман қалғандығым туралы сұрап жатады. Бұл менің ептілігімнен емес, әрине. Қазақта "қырық жыл қырғын болса да, ажалы жеткен өледі" деген сөз бар. Қан майданнан аман қайтуым – Алланың маған берген ең үлкен сыйы деп есептеймін", – деп өз сырын ақтарды.
Ғасырлық мерейтойын атап өткелі отырған ақсақалдың есте сақтау қабілеті шынында да қайран қалдырады. Әрбір өткен оқиғаның жылын ғана емес, күніне дейін тәптіштеп тұрып айтуы кім-кімді болсын таңдандырмай қоймайды.
"Маған 1939 жылдың 6 тамызы күні жыр алыбы – Жамбылмен жүздесудің сәті түсті. Жамбыл мені құшақтап, "бақытты бол, ғұмырлы бол" деп ақ батасын берді. "Батаменен ел көгерер" деген мақал әсте тегін айтылмаса керек. Ұзақ жасауымның сыры, әуелі Алланың қолдауы, одан соң Жамбыл ақынның ақ батасының қабыл болғаны шығар деп ойлаймын", – деп үлкендердің ақ батасының адам өміріндегі алар орны ерекше екенін атап өтті.
Днепрді жаудан босатқаны үшін "Ерлігі үшін" медалімен марапатталған Ізгілік Дабаев Курск доғасындағы кескілескен ұрыстағы ерен ерлігі үшін Ұлы Отан соғысы орденінің иегері атанған.
"Біз Отанымыздың азаттығы үшін күрестік. Біздің ерлігіміз бүгінгі өскелең ұрпаққа өнеге. Жастарымыз білімді, алғыр, өжет болып өссін! Ең бастысы – Отанына адал қызмет етсін! Менің бар тілеуім – осы. Бүгінгідей көк туымыз көкте желбіреген бейбіт күнде өмір сүріп жатқан әрбіріміз бақыттымыз. Егемен еліміздің еңсесі биік, келешегі кемел, болашағы жарқын болсын! Жаңа Қазақстанымыз тек қана өркендеп, өрлей берсін! ", – деп сөзінің соңында өзінің ізгі тілегін де білдірді.
Госпитальға келіп түскелі бері, толыққанды медициналық тексеруден өткен қария қазіргі таңда физиотерапиялық ем алуда. Балдақтың көмегімен жүріп тұратын ақсақал бес мезгіл тамақтанады. Қызыл шайға лимон салып ішсе, бір сергіп қалатынын айтады.
Қолсағатын жанынан бір елі тастамайтын қария уақытты да үнемі бақылап отыратын көрінеді. Сондай-ақ ұялы телефонның да тілін меңгерген. Келіп түскен қоңырауларға жауап беріп, өзіне қажетті кісілерді тауып, хабарласып отырады.
Осынау айтулы мереке кезінде жасы жарқын жүзбен жүзге жеткен Ізгілік Дабаевты Отан соғысы мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпитальдің бас дәрігері Дамир Дәулетбаев құттықтап, қазақтың дәстүрімен иығына шапан жапты.