Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үш баланың анасы: Күйеуім несиеге шыдай алмай асылып қалды

Қыз – жат жұрттық  дегенді жастайынан қыздың құлағына құйып өсіретін елміз. Егер өз жұртым деп барған жер өзектен теуіп бөтенсінсе, ол қайтадан туған шаңырағына орала ала ма? Күйеуінен айырылған үш баланың анасы Аида Мамраева қайын жұрты емес, өз төркініне де сыймай қаңғырып қалғанын айтты. 

Бұл туралы “Пендеміз ғой” бағдарламасында айтылды.

Тағдыр тәлкегімен күйеуінен айырылып, бүлдіршіндерімен далада қалған қарындас аға мен жеңге шаңырағына уақытша болса да сыймайды екен. Бұған дәлел ретінде 3 баланың анасы қарағандылық Аида Мамраеваның оқиғасы.

"Күйеуімнен достары қаржылай көмек сұрап, алдап кетті. Ол өте аңқау және сенгіш еді. Бір үлкен жоба бастағалы жатырмыз, сен кредит алып, бізге көмектессең, көп ұзамай қаражатыңды екі есе шығарып аласың деді. Соған менің күйеуім имандай сенді. Себебі бөтен емес, қасында бірге жүрген жолдастары еді. Алайда уақыт өте берді, кредитті төлеуге жағдай болмай, олардан қайта-қайта ақша сұрадық жалынып та айттық, жағдайды түсіндіріп те айттық. Еш нәтиже болмады. Банктер күнделікті хабарласып, қыспаққа ала бастады. Сол арада ол күйзеліске ұшырап, өз жұмысынан айырылып қалды. 14 ақпан күні түнде келді де, бүгін мен далада ұйықтаймын деді. Мен бос сөз деп ойлап, барсаң бара ғой дедім де мән бермедім. Қыс мезгілі еді. Ол сыртқа жеңіл киіммен шығып, ұзақ жоқ болып кеткендіктен артынан бардым. Бірақ үлгермедім. Банктер тарапынан қысымдар мен сол тығырыққа шыдамай ол асылып қалды", – деді үш  баланың анасы Аида Мамраева.               

Үш кішкентай бүлдіршінін ертіп, барар жері болмағандықтан төркінге оралады. Алайда шаңырақ иесі болып отырған ағасы мен жеңгесі оны құшақ жая қарсы алмаған. Күйеуінің өліміне қарындасын айыптап, қол көтеріп, жиі соққыға жыға бастаған.


Шындықты білген күйеуі асылып қалған: Жамбыл облысында мектеп мұғалімдері көңілдес болған


Амалы таусылған жас ана балаларын алып, бірнеше күн вокзалды паналаған. Кездейсоқ кездескен адамдардың көмегімен дағдарыс орталығы туралы есітіп, сол мемлекеттік мекемеге жайғасқан. 

"Қазір менің болашағым бұлыңғыр. Себебі тұрақты жұмысым, баспанам жоқ. Төркінім де ағайын-туыстарым да менің қай жерде қандай күйде күнелтіп жатқанымды жақсы біледі. Бірақ ешкім менің жағдайымды сұраған емес. Мен қазақта ағайын-туыстық жанашырлық бар дегенге сенбеймін. Тіпті бір анадан туған жандар да титтей де болса жанашырлық бар деп айта алмаймын!", – деді кейіпкеріміз. 

Қамшының сабындай ғана ғұмырда бұйырғаны қара су болса да, соны қорықпай ішуге, тыныштықта өмір сүруге әркім құқылы. Ұр да жық күйеуінен бөлек, ағайынмен араздасып, бір анадан, бір әкеден тараған бауырларынан қысым көріп, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына айналып отырған әпке-қарындастар та көбейіп барады. 

“Менің өмірге деген құлшынысымды арттырып отырған –балаларым. Осылар үшін өмір сүріп, бәрі үшін күресіп жүрмін. Мен балаларым үшін бәрін істеймін. Мен балаларым үшін бәріне дайынмын. Мен туысқан дегенді түсінбеймін. Менде туысқан жоқ”, –дейді жас ана.

Ал психолог маман Камила Асыпқызы әйел күзелістен арылып, өз жолын тапқанша төркіні қолдау көрсету керек деген пікірін айтты. 

“Мұндайда әйел күйзелісте жүреді. Оған моральдық тұрғыда қолдау керек. Аиданың өзіне деген сенімділігі жоқ. Бұның да жолы бар. Соны тапқанша оған қолдау көрсету керек. Төркіні оны түсіну керек”, – дейді маман. 

Талқылау