Урбанистер Алматыда жылдамдықты сағатына 30-50 шақырымға дейін төмендетуді ұсынды
Urban Forum Kazakhstan қоры Алматыда жылдамдықты сағатына 30-50 шақырымға дейін төмендетуді ұсынып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Олардың айтуынша, жаңа лимиттерді бүкіл ел бойынша енгізу керек.
"Жылдамдықты азайту қаладағы өмірді қауіпсіз етеді. Адам өліміне әкелетін жазатайым оқиғалардың саны айтарлықтай азаяды. Шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, ірі магистральдарда сағатына 50 шақырым, басқа көшелерде 30 шақырымға дейін шектеу керек.
Алдымен Алматыда, кейін Қазақстанның басқа қалаларында жаңашылдық енгізу қажет. Жалпы, Қазақстанда жыл сайын жол апатынан 2 мыңнан астам адам қаза болады. Оның үстіне жол-көлік оқиғаларының 70 пайызы елді мекендерде орын алады. Ең жиі кездесетін себептердің бірі – жылдамдықты арттыру", - деді Urban Forum Kazakhstan қорының өкілі Роман Барабанов.
Дегенмен, бұл бастаманы бәрі бірдей қолдап отырған жоқ. Автомамандар апатты азайту үшін бірінші кезекте жол инфрақұрылымына және қолданыстағы ережелердің сақталуына көңіл бөлу керек деп есептейді.
"Мұндағы мәселе – оны ешкім бақылай алмайды. Біз 30 метр деген шектеуді енгізгенімізбен, халық бәрібір дегенін жасайды. Керісінше халыққа Жол қауіпсіздігі мен жол қозғалысы ережелері туралы білім беруді арттыруымыз керек", - деді автосарапшы Алексей Алексеев.
Көлік жүргізушілері де автосарапшының сөзін қолдап отыр.
"Алматы қаласында жылдамдықты төмендету жақсы идея емес. Өйткені бұл қалада үлкен кептеліс тудырады. Алматыда көлік кептелісінен туындайтын үлкен проблемалар бар", - деді көлік жүргізушісі Қанат Жүсіпбек.
Ішкі істер министрлігі жылдамдықты өзгерту туралы ресми ұсыныс түспегенін, сондықтан бұл мәселе қарастырылмай жатқанын хабарлады.
"Нақты бір елді мекендегі жылдамдықты шектеу әкімшілік полициямен келісе отырып, жергілікті атқарушы органдардың шешімдерімен жүзеге асырылуы тиіс", - деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Таңат Асылжанов.