Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Орталықтағы құрылыс экономикалық тұрғыдан пайдалы": Урбанист Алматыдағы баспана тапшылығы мәселесінің шешімін ұсынды

Бүгінгі таңда республикалық маңызы бар қалаларда халық санының өсіп келе жатқаны байқалады. Мәселен, 2009 жылы Астанада 619 мың адам тұрса, 2021 жылғы халық санағының нәтижесінде бұл көрсеткіштің 2 есе өскені анықталды. Ал Алматы қаласында тұрғындар саны 630 мыңға көбейіп, 2 миллионнан асты. Мегаполистерде адам санының артуы пәтер мен құрылысқа арналған жер тапшылығына әкеп соқты. Дегенмен тұрғындардың көпшілігі қала орталығында өмір сүргісі келгендіктен, бұл мәселе одан әрі ушыға түскен. Осы ретте урбанист Диас Маратұлы халық санына байланысты мәселелерді оңтайлы шешу үшін қаланың тығыздығын арттыруды ұсынып отыр.

құрылыс

Алматының бас жоспарын дайындаған Тамара Залогина 2040 жылға қарай мегаполистегі тұрғындар саны 3 миллионға, 2050 жылға қарай 3,6 миллионға жететінін мәлімдеді. Бұл туралы ол бас жоспарды талқылау барысында айтқан. Сондықтан қалада баспана мәселесі әлі де маңыздылығын жоғалтпайды. Әйткенмен жұмыс орындары қаланың орталығында орналасқандықтан, көпшілігі қала ішінен пәтер іздейді. Осы себепті Диас Маратұлы қаланы үлкейтпеу үшін нүктелі құрылыс жүргізудің пайдалырақ екенін айтады.

Нүктелі құрылыс деген не?

Урбанист Қазақстанда нүктелі құрылыс терминіне дұрыс анықтама берілмейтінін айтады. Сөзінше, қазір қаладағы кез келген құрылысты көпшілік нүктелі құрылыс деп атайды екен. 

"Негізінде нүктелі құрылыс дегеніміз – қаладағы қалыптасқан ортаға сай келмейтін ғимарат салу. Мысалы, бір ауданда тек жер үйлер бар делік. Бірақ мұнда келіп 9-12 қабатты үй салсақ, бұл нүктелі құрылыс деген сөз. Салдарынан мұндағы инфрақұрылымға ауыртпалық түседі. Егер қала орталығындағы 4-5 қабатты ескі үйді бұзып тастап, орнына дәл сондай үй салса, бұл нүктелі құрылыс емес. Өйткені аудандағы қалыптасқан қабат санына, стиліне сай келіп тұр", – дейді маман. 

Бүгінгі таңда қала тұрғындары нүктелі құрылыстың сәтсіз үлгісі ретінде Алматыдағы "Столичный центр" тұрғын үй кешенін көрсетеді. 3-5 қабатты үйлердің жанына салынған кешен өзінің дизайны және қабат санымен орналасқан ауданына сай емес екенін аңғаруға болады. Дегенмен оңтүстік астанада 2000-жылдардың басынан бері ондаған тұрғын үй кешені бой көтерді. Урбанистің сөзінше, тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне кедергі келтірмегендіктен, барлығын бірдей нүктелі құрылысқа жатқызуға болмайды.

Тұрғындардың нүктелі құрылысқа деген қарсылығы көп жағдайда негізсіз

Диас Маратұлының пайымдауынша, қала тұрғындары көбінесе құрылыс нысандарына негізсіз қарсылық білдіреді екен. Біріне көлік тұрағының тарылуы ұнамаса, енді біріне биік үйлердің тау көрінісін жауып қалғаны ұнамайды.

"Қалада көпқабатты үйлер салынған ауданда ескі нысанды сүріп, орнына жаңасын салса, тұрғындардың көпшілігі наразы болып жатады. Бірақ мұндай наразылықты ақтап алуға да келмейді. Өйткені тұрғындарға таудың көрінісін жауып тастауы немесе көлік тұрағына арналған орынның тарылуы секілді дүниелер ұнамайды. Олар өздеріне ғана ыңғайлы болса дейді. Алайда көпқабатты үйлер қалаға әлдеқайда пайдалы екенін ұмытпау қажет", – деп мәлімдеді ол. 

Қала орталығындағы жаңа нысандар экономикалық тұрғыдан пайда әкеледі

Қалаларда халық санының артуы бизнестің дамуына әсер ететіні сөзсіз. Себебі адам саны екі есеге өссе, азық-түлік пен өзге де тауарларға деген сұраныс соншалықты артады. Сәйкесінше жаңа дүкендер мен сауда орындары, бизнестің өзге нысандары ашылып, жаңа жұмыс орындары пайда болады. Диас Маратұлының пікірінше, қаланың тығыздығы артқан сайын өз ішінде жоғары қарқынмен дами түседі.

"Оның үстіне құрылыс тығыз жүргізілген сайын, қала соғұрлым шағын болады. Меніңше, қаланы кеңейтіп, инфрақұрылымы дамымаған жерге үй салу әлдеқайда зиянды. Себебі мұндағы халық жұмыс істеу үшін бәрібір қалаға келуге мәжбүр. Ал қатынас үшін қосымша жол салып, қоғамдық көліктер санын арттыру керек", – деп түсіндірді Диас Маратұлы. 

Сонымен қатар нүктелі құрылыс жүргізу кезінде дизайны мен стиліне де назар аударған жөн. Әрі құрылыс жүретін аудандағы ғимараттардың стилі мен қабат санын да ескерген абзал. Бұл пікірмен урбанист те келісіп отыр. Сондай-ақ маман нүктелі құрылыс жүргізу үшін аймақтағы инфрақұрылым нысандарын көбейту керегін айтады. 

"Үйлер тығыз салынған ауданға жаңа мектептер мен балабақшалар керек. Себебі мұнда болашақта балалар көбейеді. Мектепте орын тапшы деп жаңа үйлердің құрылысына тыйым салуға да болмайды. Жаңа нысандардың құрылысынан қашудың керегі жоқ. Тек нүктелі құрылыс қандай жағдайда тұрғындар үшін ыңғайлы болады деген мәселенің шешімін іздеуіміз керек", – деп сөзін аяқтады Диас Маратұлы.

Нүктелі құрылыс пен әлем елдерінің тәжірибесі

Қазіргі уақытта қала халқы санының артуы тек Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінде де байқалады. Мәселен, Швейцария билігі қаладағы қатынас пен жер мәселесін шешу үшін нүктелі құрылыс жүргізу туралы шешім қабылдаған. Себебі елде құрылыс жүргізуге арналған жер жоқтың қасы. Ал 2050 жылға қарай мұндағы халық саны 10 миллионға жетуі мүмкін. Дегенмен нүктелі құрылысты жүргізу үшін ел билігі халықтың пікірімен санасу керегін айтады.

"Швейцарияда қаланың тығыздығын арттыратын нүктелі құрылысқа келгенде тұрғындардың пікіріне басымдық береді. Сонымен қатар жаңа үйлердің бағасы қарапайым азамат үшін қолжетімді болуы маңызды", – дейді Тұрғын үй құрылысы, аудан мен кадастр бөлімінің басшысы Мартин Винценс. 

Алдағы уақытта Швейцария ескі тұрғын үй кешендерін бұзып, орнына жаңа әрі биік үйлер салуды көздеп отыр. Осылайша келешекте туындауы мүмкін баспана тапшылығы мәселесін шешу жоспарланған. 

питер

“Парадный квартал”, Санк-Петербург.

Көршілес Ресейдегі "Парадный квартал" қала орталығындағы сәтті жүргізілген нүктелі құрылыстың мысалы бола алады. Санк-Петербургтегі бұл кешенде тұрғын үйлерден бөлек сауда және іскерлік орталықтар бар. Ал дүкен, фитнес залдары, дәмхана мен дәріханалар алғашқы қабаттарға орналастырылған. Кешеннің астында қаладағы ең үлкен жерасты көлік тұрағы бар. 

сингапур

The Interlace, Сингапур

Сингапурдегі көпқабатты 31 ғимараттан тұратын The Interlace кешенінде 1000-нан аса пәтер бар. Сәулетшілер шағын аумаққа үйлер мен аулаларды да сыйдыра алған. Алдағы уақытта ауланы көгалдандыру мәселесі де қолға алынады. 

Айта кетейік, бүгінде құрылыс әлемінде аумақты кешенді игеру үрдісі дамып келеді. Оған сәйкес белгіленген аумақта тек тұрғын үйлер ғана емес, мектеп және өзге де инфрақұрылым нысандары бой көтереді. Осы сынды құрылыстардың негізгі мақсаты – timesaving немесе тұрғындардың уақытын үнемдеу. Адамдарға барлығы қолжетімді болуы үшін жерді кешенді игере отырып, аумақта тұрғын үй кешендері, жеке мектеп, саябақ пен сауда үйлері де салынады. “Қала ішіндегі қала” концепциясына негізделген құрылыс нысандарында жеке экожүйе қалыптасады. Ал жердің әр сантиметрі азаматтардың игілігі үшін пайдаланылады. 

Талқылау