Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Универсиада-2025 жарысында қазақстандық спортшылар тағы екі қола медаль жеңіп алды

Фото: olympic.kz

Германияның Рейн-Рур аймағында өтіп жатқан Жазғы дүниежүзілік студенттік ойындарда қазақстандықтар тағы да жүлделі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жарыстың алтыншы күнінде ел қоржынына қос қола жүлде бұйырды. Таэквандодан аралас команда Германиядағы дүбірлі додада үздік үштіктен көрінді. Бұл сында ел намысын Универсиада-2025 жеңімпазы Самирхон Абабакиров, жарыстың қола жүлдегері Бейбарыс Қаблан, сондай-ақ Назым Махмұтова мен Айдана Сүндетбай қорғады. Бұған дейін таэквандодан Қазақстан әйелдер құрамасы да жүлде еншілеген еді.

Сонымен қатар, Германияда өтіп жатқан ойындарда дзюдошылардың да қанжығасы майланды. Қазақстан құрамасының өкілі Аман Бақытжан 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жүлде үшін таласта Грузия спортшысын жеңіп, қола медаль иеленді.

Осылайша, қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында тоғыз медаль бар: бір алтын және сегіз қола.

Абылайхан Палмағанбет
Бейсенбі, 24 Шілде, 2025 10:27
Талқылау