Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Үндістан-Пәкістан арасындағы қақтығыс қашан басталды, оған не себеп?

Фото: en.iz.ru

25 сәуірде Пәкістанның қарулы күштері Бақылау сызығын бойлай оқ жаудырды. Бұған Үндістан әскерилері де жауап берді. Ал Бандипорда лаңкестер қауіпсіздік күштеріне оқ жаудырғаннан кейін қақтығыс басталды. Stan.kz ақпарат агенттігі Пәкістан мен Үндістан арасындағы қақтығыстың тарихына шолу жасап көрді. 

Екі елдің тәуелсіздікке қол жеткізуі...

ХХ ғасырдың ортасына дейін қазіргі Үндістан мен Пәкістанның аумақтары Ұлыбританияның – Британдық Үндістанның отарында болды. 1947 жылы отаршыл елдер екі мемлекетке бөлініп, оларға үстемдік ету құқығы берілді. Осылайша екі ел Үндістан одағы мен Пәкістан (1950 жылы Үндістан республикасы, 1956 жылы Пәкістан Ислам республикасы жарияланды) деп аталды. 

Екі елді бөлу діни бағыт бойынша жүргізілді. Халықтың көпшілігі мұсылмандар тұратын аймақ Пәкістанға, ал үнділердің басым бөлігі Үндістанға кетті. Бөліну салдарынан 1 миллионға жуық адам қаза тапты. 12 миллионнан 20 миллионға дейін адам босқынға айналды.

Кашмир мәселесі мен Үнді-Пәкістан қақтығыстары

Кашмир аймағына қатысты қақтығыс 1947 жылы Ұлыбритания Британдық Үндістандағы бақылауды жоғалтып, аймақ Үндістан мен Пәкістан деген екі мемлекетке бөлінгеннен кейін басталды. Екі діни топтың өкілдері бір мемлекет ішінде қатар өмір сүре алмады. Бұл жаппай зорлық-зомбылыққа және екі елдің тәуелсіздік алуына әкелді. Дәл осы кезде мұсылмандар тұратын Кашмир аймағы Үндістанның бір бөлігі болып қалды. Осылайша бұл Пәкістанның наразылығын тудырды. Исламабад (Пәкістан астанасы) өзін-өзі анықтау туралы референдум өткізуді талап етті. Бірақ Нью-Дели бұған үзілді-кесілді қарсылық білдірді.

Фото: Max Desfor/AP

1947 жылы қазанда Пәкістан әскерлері Кашмирге басып кіріп, қарулы қақтығыс жасады. Біріккен Ұлттар Ұйымының медиациясымен шайқас уақытша тоқтатылып, даулы аймақтың көп бөлігі Үндістанның қолында қалды. Алайда содан бері Кашмир төңірегіндегі қақтығыстар жалғасып келеді. Бұл жағдай бірнеше рет Үндістан мен Пәкістан арасындағы ауқымды соғыстарға ұласты.

1971 жылы қақтығыстан кейін тараптар уақытша шекара сызығы туралы келісімге келді. Кашмирдің үштен бірі Пәкістанның бақылауына, ал қалған үштен екі бөлігі, яғни Джамму мен Кашмир штаты Үндістанның құрамына өтті. Сондай-ақ аумақтың бір бөлігі Қытайдың да бақылауында. 1989 жылдан бері Кашмирде әртүрлі мұсылман топтары белсенді әрекет етіп келеді. Ресми түрде олар аймақты Үндістан мен Пәкістаннан азат ету үшін қарулы күрес жүргізіп жатыр.  Алайда Үндістан билігі “көтерілісшілерге Пәкістанның барлау қызметтері қолдау көрсетіп отыр” деп мәлімдейді.

1989 жылдан бастап Үндістан аймақта көтерілісшілерге қарсы әскери операцияларға белсенді түрде қатысып келеді. Қақтығыс жылдарында екі тараптан бейбіт тұрғындар мен сарбаздар қаза тапты. 

1999 жылы екі елдің ядролық мәртебесін ресми мойындағаннан кейін Каргилде қысқа, бірақ жойқын қарулы қақтығыс болды. Ол кезде Үндістан “Пәкістан қолдау білдірді” деп есептейтін содырлармен соғысты. Исламабад бұл қақтығысқа қатысы жоғын мәлімдеді. Қақтығыстардың салдарынан аймақтың экономикасы күрт нашарлады. Кашмирде жұмыссыздық деңгейі жоғарылады.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Кашмирдегі жергілікті тұрғындар қай елде тұратынын өздері таңдауы керектігін, олүшін референдум өткізген жөн екенін 1950 жылдан бері айтып келеді. Үндістан әуелі бұл бастаманы қолдады, бірақ кейінірек бас тартты. Алайда Пәкістан тарапы кашмирліктердің көпшілігі тәуелсіздік алуды, не Пәкістанға қосылуды жақтайтынын мәлімдеді. 

2001-2002 жылдары екі ел арасында тағы да қайшылықтар пайда болды. Оған даулы аумақты Пәкістанға беруді жақтайтын содырлардың 2001 жылы желтоқсанда Делидегі Үндістан парламентінің ғимаратына шабуыл жасауы (10 адам қаза тапқан) себеп болған. Үндістан билігі Пәкістанды содырларды қолдады деп айыптады. 2002 жылдың қаңтарында екі ел шекараға әскерін орналастырды. Онда шамамен 500 000 үнді және 300 000 пәкістандық әскер болды.

Бұл қазіргі Үнді-Пәкістан қатынастары тарихындағы ең ірі шекаралық қақтығыс болды. Толық ауқымды қақтығыстың алдын алғанымен, шекарадағы қақтығыс салдарынан 3 000-ға жуық сарбаз қаза тапты. 2003 жылы соғыс қимылдарын тоқтату туралы келісімге қол қойылғаннан кейін жағдай тұрақталды.

Соңғы жылдардағы жағдай

Соңғы онжылдықта Үнді-Пәкістан арасында жағдай шиеленісіп, мезгіл-мезгіл қақтығыстар болып тұрады. Кашмирде Пәкістанға қосылуды және тәуелсіз ислам мемлекетін құруды жақтайтын топтар әрекет етіп жатыр. 

2019 жылы Кашмирде 45 адамның өмірін қиған лаңкестік әрекеттен кейін Пәкістанда орналасқан "Джейш-е-Мұхаммед" содырлар тобы қақтығысқа араласты. Үндістан әуе күштері Пәкістандағы содырлар лагеріне соққы берді. Исламабад бұл жарылыстарды агрессия деп атап, Пәкістан әскері жауынгерлік дайындыққа көшті. 27 ақпанда Кашмирде 8 үндістандық пен 24 пәкістандық әскери-әуе күштері жауынгерлерінің қатысуымен әуе шайқасы болды. Сол жылы Үндістан үкіметі Джамму және Кашмир штатын жойып, тікелей орталықтан басқарылатын екі одақтық аумақ құрды (бұл шешімді Үндістанның Жоғарғы соты 2023 жылдың желтоқсанында бекітті). Пәкістан бұл шешімге келіспей, Үндістанды "заңсыз әрекеттерді тоқтатуға" шақырды. Пәкістанның Сыртқы істер министрлігі "ел Үндістан конституциясының аумақтағы үстемдігін мойындамайды" деп мәлімдеді.

Фото: bbc.co.uk

2020 жылы шекаралық қақтығыстардың саны рекордтық деңгейге жетіп – 5,1 мың болды.

2021 жылдың ақпан айында Үндістан мен Пәкістанның әскери қолбасшылары бақылау сызығында және басқа шекара аймақтарында атысты тоқтату туралы келісімге келді. Дегенмен Үндістан мен Пәкістанның да ядролық қаруы бар. Олар мұны қақтығысты тоқтату үшін қолдануы мүмкін деген болжам бар. 

2025 жылы шиеленіс қайта күшейді

22 сәуірде Джамму мен Кашмирде теракт болып, 26 адам қаза тапты. The Times of India басылымының хабарлауынша, шабуылды Пәкістанда орналасқан "Лашкар-е-Тайба" радикалды тобының диверсиялық қанаты "Қарсыласу майданының" содырлары жасаған. Осыдан кейін Үндістан үкіметі Исламабадтағы елшілігінің санын қысқартты. Пәкістанның Үндістандағы әскери кеңесшілерін "персона нон грата" деп жариялады. Сондай-ақ суға иелік ету құқықтарын анықтайтын 1960 жылғы Инд сулары туралы келісімді тоқтатты.

Бұған жауап ретінде Исламабад "Қарсыласу майданының" содырларымен байланысын жоққа шығарды. Үндістанға әуе кеңістігін жауып, Үндістан елшілігінен әскери атташелерді (елші, дипломат) шығаратынын жариялады. 

Пәкістанның Қорғаныс министрі Хаваджа Асиф Үнді өзенінің ағынын бұру әрекетін соғыс ретінде қарастыратынын және Үндістан шабуыл жасаған жағдайда жауап беретінін мәлімдеді.

Үндістандықтар басқаратын әуе компаниялары үшін әуе кеңістігін жапты және екі ел арасындағы сауданы тоқтатты. Мемлекеттер әдетте зымыран сынақтарын қарсыластарына белгі беру және өздерінің әскери мүмкіндіктерін көрсету мақсатында өткізеді.

27 сәуірде Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди өзінің ай сайынғы радиоүндеуінде туристердің өліміне кінәлілердің жазаланатынын тағы да растады.

"Тағы да қайтыс болғандардың отбасыларына әділеттіліктің орнайтынына сендіремін", – деді Моди.

Еске салайық, бұған дейін Үндістан мен Пәкістан шекарасында атыс болғанын жазған едік. Пәкістанның қарулы күштері Бақылау сызығын бойлай оқ жаудырды, бұған Үндістан әскерилері жауап қатты. Ал Бандипорда лаңкестер қауіпсіздік күштеріне оқ жаудырғаннан кейін қақтығыс басталды.

Осыдан кейін Үндістан билігі Пәкістан азаматтарына берілген барлық визаны алып тастайтынын, Пәкістанмен шекарадағы жалғыз өткелді жауып тастайтынын мәлімдеді.

Пакт Дүниежүзілік банктің делдалдылығымен жасалған және екі ел үшін маңызды өзен жүйесіндегі суды бөлісуге мүмкіндік беріп келген. Пәкістан билігі де өз кезегінде Үндістан азаматтары үшін визаны алып тастау, үнді әуе компаниялары үшін әуе кеңістігін жауу, бірқатар дипломатты елден шығару және сауда операцияларын тоқтату шараларын іске асырып жатыр.

Сейсенбі күні Үндістанның бақылауындағы Кашмирде туристерге жасалған қарулы шабуыл екі жақты қатынасты ушықтыруға әкеп соқты. Үндістан билігі бұл оқиғаны теракт деп түсіндірді. Нью-Дели белгісіз сепаратистік "Лашкар-и-Тайба" тобының Пәкістанмен байланысы бар екенін жазады.

Пәкістан үкіметі қақтығыстың өршуіне мүдделі емес екенін және Кашмирдегі оқиғаға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Жұмаділлә Нұрила
Дүйсенбі, 28 Сәуір, 2025 14:43
Талқылау