Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлықбек Есдәулеттің өлеңдері

Stan.kz Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының және Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері, белгілі қазақ ақыны, журналист Ұлықбек Оразбайұлы Есдәулеттің 10 өлеңін ұсынады.

Ұлықбек Есдәулеттің өлеңдері

Қазақстан

Арыстандай айбаттым,
Жолбарыстай қайраттым,
Аспандаған байрақтым,
Қанша жұлдыз жайнаттың,
Қанша бұлбұл сайраттың,
Қазақстан, ардақтым!
Тұлпарыңның шабысын,
Домбыраңның қағысын,
Күңіренткен тау ішін,
Дарияңның ағысын
«Сүйем!» десем – бәрі шын,
Қазақстан – намысым!
Әрбір тасы – киелім,
Әр уығы – жүйелім,
Ән кернеген жүрегін,
Күй кернеген тиегін,
Сары алтыннан сүйегің,
Қазақстан – жыр елім!
Шаңырағың – шырағым
Топырағың – тұмарым,
Ғаламда жоқ сыңарың,
Ғажайыбым, жұмағым,
Басы таза бұлағым,
Басылмайтын құмарым,
Қазақстан – қыраным!
Айың тусын оңыңнан,
Күнің тусын солыңнан,
Жұлдыз жансын жолыңнан,
Басыңа бақ орнасын,
Қыдыр болсын жолдасың,
Құдай сені қолдасын,
Қазақстан – көз жасым!..Отаным

У ашқандар мен босқандардың
панасысың, Отаным,
асқандар мен тасқандардың
табасысың, Отаным,
жанарымның ағы менен
қарасысың, Отаным,
Жазылмайтын жүрегімнің
жарасысың, Отаным.
Арал болып, Семей болып,
қансыраған, Отаным,
көздің жасы өгейленіп,
тамшылаған, Отаным,
малы азайып, жаны азайып
қаны азайып, Отаным,
біткен кезде кедейленіп
хал сұраған, Отаным.
Ақынынды өлгесін тек
аялайсың, Отаным,
әкіміңнен өңгесін көп
аямайсың, Отаным,
мешітке де, түрмеге де, зиратқа ұқсайтын
біздің ұрпақ салып бітпес
саяжайсың, Отаным!..

Абайға

Бір сезім бұған дейін арбаспаған,
Қолыма алдырғанша алғаш қалам,
Жырыма тырнақалды қуанғанмын
Колумбтай құрлықты ашқан жан баспаған.

Әр сөзі меруерттен соғылатын,
Өзімді сезінгенмін «ең ұлы ақын».
Сол бір кез енжар ғана тыңдаушы едім
Эфирден естілгенде сенің атың.

Буына балқып кетіп жас арманның.
Классиктер тобына «қосарландым».
Әдейі әдебиет сабағында
Жырыңды жаттамай кеп екі алғанмын.

Әлі ешбір қырбық мұртым қырылмаған
Кезімде қызға тұңғыш қырындаған.
«Мен үшін Абайдайын ақынсың» деп,
Тоғжан қыз құшағымда сыбырлаған.

Жетелеп астанаға шіркін арман,
Өлең-жыр жүрегімнің ырқын алған.
Төрінен Алматының сені көріп,
Асқақтап былай деп те жыр шығарғам:

«Ассалаумағалейкум, Абай баба,
Тұрсың сен тізе бүкпей қалай ғана?..
«Сандуғаштай сарғайған сотқар кім?..» деп
Сықпытыма сұқтанып шам ойлама.

Мен сенің құдіретіңді өзімше ұғам,
Аз менде сендегі мол төзім-шыдам.
Тіріліп тұғырыңнан сәлемімді ал,
Әйтпесе, сол тұғырға өзім шығам»… –

Ақымақ, мас көңілдің тойынғаны-ай,
Сонда да тұрмын сені мойындамай.
(Сол сәтте маған тисе обал жоқ-ау,
Содырдан саған тиген сойыл, баба-ай).

Мың есе биік тұрған пақырлықтан
Көрмеппін құдіретіңді соқырлықтан.
Қазір мен құлдық ұрған шәкіртіңмін
Өзіңнің өлеңіңнің отын жұтқан.

Өмірді күрес емес, сайран көрген
Сыздайды кейбіреуге қайран кеудем.
Төрінде өзің тұрған Алматыға
Анау бір Көжекбайлар қайдан келген?

Мен де бір иесімін сыбағаның
Жыр оқып жұртшылықтан гүл аламын.
Ел мені «ақын» десе,
Сен тұрғанда
Айтуға ақынмын деп ұяламын!

Көздеріңе ғашықпын

Жұмып кейде жанарымды нұр сіңген,
Сырласқанда арман атты тылсыммен.
Ту сыртымнан үп еткенде самал жел,
Елеңдеймін, сен шығар деп күрсінген.

Ғашық жанның басындағы хал бөлек,
Ғашық жанды әлдилейтін ән керек.
Жаңбыр жауса, тырсылынан оянам,
Іздеп келіп, есік қаққан сен бе деп?!

Қашан болсын қайғы көрмей жүр аман,
Мен тағдырдан басқа тілек сұраман.
Күн астында күмбірлесе күміс су,
Сенің күлкің естілгендей қуанам.

Өмір деген өте шығар өткінші,
Аз ғұмырда көп қуанып, көп күлші.
Маған ұқсап аспандағы Ай мен Күн,
Көздеріңе ғашық болып өтсінші.

Таулық мінез

Қой, жаным, қызығумен ерме маған,
Мен болсам құштарлыққа көнген адам.
Кірпігім шарасыздан айқасқанша
Осынау мазасыздау халде қалам.
Қой, жаным, құр қызығып ерме маған.

Қорқасың мен жүзетін долы өзеннен,
Сенбесең бір қарашы терезеңнен.
Толқындар тасты аунатып жатқан жоқ па,
Ал менің жақын досым сол ежелден.
Қорқарсың мен кешетін долы өзеннен.

Сен болсаң тауға тұңғыш келген адам,
Қой деймін, мерт боларсың, ерме маған.
Құрсақтан топшылы боп туғаннан соң
Құлашты дүлей суға сермеп алам,
Қой, жаным, мерт боласың, ерме маған.

Долы ағыс алып қашар бас көрмеген,
Мен сонда аймаласам тастарменен.
Ертемін толқындарды ерттесуге
Сыралғы болса сумен жастан денең,
Табысып жүрер болсаң тастарменен…

Ақ махаббат, аппақ қыс

Арамызды жатыр біздің тау бөліп,
Асуларды аяз қысып, қар көміп.
Отырсың ба тысқа қарап әйнектен,
Маған деген сағынышың сәл кеміп!

Сендерде де жауған шығар мына қар,
Бұл – өзіңнің маусымың ғой ұнатар.
Сені ойласам елестейді бәйшешек
Қырау қыстың қойнауында гүл атар.

Аппақ көше, аппақ-аппақ тау, орман,
Бар дүние, бар табиғат жаңарған.
«Сүйем!» деген сөз де жаңа секілді
Бұған дейін көне болып саналған.

Біз қыдырар бақты қалды қар басып,
Аппақ дүние жанарыммен арбасып,
Сыр шертеді: «Мынау нұрлы өмірге
Кіреукесіз пәк көңілмен бол ғашық!».

Қала жылы. Қар лақтырып бала мәз,
Бүгін түнде болар ма екен сары аяз?
Ренішіңді жазба маған бұл қыста,
Шаттығың мен сағынышыңды ғана жаз!

Жүрек

Жүрегім өзімде емес, қарындасым,
Босатшы, жіберші деп жалынғасын
Ұшырып туған жерге жібергенмін,
Барсын да мауқын бассын, дамылдасын.

Жүрегім өзімде емес, түу алыста,
Ол кеткен сағынышқа, қуанышқа.
Адасып жүрер ме екен тентек неме
Жолына, мені сүйсең, шырақ ұста.

Ұясы тұғыр болмас тас түлекке,
Кеуде де мекен болмас жас жүрекке,
Зарыққан Зайсанына ұшып кетті,
Сарынын Қара Ертістің естімекке.

Жібердім ұмтылғасын, талпынғасын,
Тек қана талып қанат, алқынбасын.
Атамас ешкім мені қуыс кеуде,
Кетті ғой туған жерге, барсын… барсын!..

Бақытты болғым келеді

Күзің келмей үзілмеңдерші,
Үмітімнің жапырақтары.
Арманымның әлі алыс атыраптары,
Күлімдеген көктемдей өмірімнің
Қашан гүлін сыйлайды жасыл бақтары!

Бақыт деген бір әлем,
Көрінетін асқақ боп маған арымдай,
Көк теңіздің жұмбақ бір жағалауындай.
Тағдырдың толқындарын жарып өтіп,
Сараңдығын бетіне салық етіп,
Бермегенін тартып алсам ба екен,
Барымташы бабаларымдай!

Біреулер жетеді оған.
Сарылып, аңсауменен,
Тер төгіп шаршауменен;
Біреулер жетеді оған
Бұқпантай, жан сауғамен.

Бақытты болсам деймін мен,
Өміріме арымды қалқан етіп,
Ұйқыдағы құздардан жар сап өтіп,
Тосқауылдар тұқымын талқан етіп,
Таудан басталған тағы өзендей
Буырқанып ағып, күні-түні маза көрмей,
Бақытты болсам деймін мен!

Кесілген ағаш

Жапырақтары жайқалып тұрған,
Нар ағаш еді найқалып тұрған.
Аран тіс ара қыршынын қиып,
Шатырлап құлап, шайқалып тынған.

Томырық түбір,
Кесілген ағаш…
Жантайды жердің төсінде оғаш.
Жан тәсілім боп, жан беріп жатқан
Адамдай сұлап, көсілген қораш.

Қымбаттай түсіп тіршілік-арман,
Күңіретіп тұр күрсініп орман.
Құлаған ағаш…
Құстары үрікті-ау,
Ашылмай қанша бүршігі қалған!..

«Тірлік бар ма екен құрбан болмай»… деп,
Түнереді орман қиналғандай боп.
Батып тұр мұңға ағаштар
Достың
Жаназасына жиналғандай боп.

Орманның көрдім жыр кеткен кезін,
Қапа мен қайғы, мұң жеткен кезін.
Ағаш екен-ау ағашқа дейін
Әсері тиген бұл неткен сезім?!.

Айдары шербек ала таң шығып,
Қайғырады орман шара таусылып.
Сезбеген ұлдай жетім қалғанын
Қалғиды қамсыз балапан шыбық…

Ауыл мен қала

Ауылдың бәрін ертең біз
Айналдырамыз қалаға.
Қора-қопсыны өртерміз,
Ескіні құртпай бола ма?!.

Қалалық болып төрт түлік,
Зауытта баптап бағылар.
Түсіне жайлау, шөп кіріп,
Малшысын, мүмкін, сағынар.

Адам ше…
Адам берік қой,
Ауылды қайтсын сағынып?
Техникаға жерік қой
Сонымен жүрер сабылып.

Киіз үй көрсек музейде
Аспаннан түсе қалғансып:
«Тұрды-ау» деп сондай үйлерде
Айтар ма екенбіз мардымсып.

Бір кезде біреу
Әрең деп
Архивке көп жыл қадалып,
«Болыпты қымыз деген» деп,
Ашатын шығар жаңалық.

Ол кезде, бәлкім айналар
Жер-көктің бәрі қалаға.
Кейбіреу, мүмкін, ойланар,
Кездесіп жұпар далаға.

Қыр желі сүйіп бетінен
Айтар ол келіп қауымға.
«Қаланы енді шетінен
Айналдырсақ, – деп, – ауылға!..»


Тағы оқыңыз: 

Мұқағали Мақатаевтың үздік 9 өлеңі: Оларды жатқа білуге тиіссіз

Фариза Оңғарсынованың ең үздік 10 өлеңі

 

Талқылау