Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үлестік құрылыс: сеніңіз, бірақ тексеріңіз

Жаңа пәтерді құрылыс кезеңінде сатып алу барысында, аса мұқият болыңыз. Мұндай ұсыныстарды жасау құқығы барлық құрылыс компанияларына берілмеген. Мемлекет дәл осындай келісімді жасауға қажетті құжаттар мен шарттарды қатаң түрде реттейді.

Құрылыс салушылар жаңа ғимараттардағы шаршы метрді ресми түрде тек тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шарты бойынша сатуға міндетті. Сондықтан, заңға сәйкес, сіз тек осы келісімге қол қоя аласыз. Кейіннен аталған құжат «Қазреестр» тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы жергілікті әкімдікте тіркелуі тиіс. Келісімді тіркеу кезінде тұрғын үй сатып алушының заңды түрде үлескер екенін растайтын тиісті үзінді көшірме беріледі.

Осылайша, сатып алушы өзін-өзі алда туындауы мүмкін тәуекелдерден барынша қорғай алады. Әдетте, мұндай келісімдер бойынша,  “Қазақстан тұрғын үй компаниясы” (ҚТК) - бірыңғай операторының атынан мемлекеттік кепілдік немесе үлескерлер қаражатын тарту жөніндегі жергілікті әкімдіктің рұқсаты қарастырылған.

ҚТК тарихы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының тұрғын үй құрылысын ұзақ мерзімді қаржыландыру және ипотекалық несиелендіруді дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі қаулысына сәйкес 2000 жылы құрылған “Қазақстан ипотекалық компаниясы” Ипотекалық ұйымы” акционерлік қоғамынан (ҚИК) бастау алады. 2020 жылы компания қайта құрылып, оған “Бәйтерек девелопмент” АҚ мен “Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры” АҚ қосылды.

ҚИК қайта құрылғаннан кейін, тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторына айналды, ал 2021 жылдың қаңтарында компания атауы «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ болып өзгертілді. Осылайша, ҚТК үлестік құрылыс объектілерін аяқтау жөніндегі өз кепілдіктері бойынша үлескерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді.

ҚТК кепілдігін алу үшін, құрылыс салушы Қазақстан Республикасының “Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы” заңында белгіленген кейбір талаптарға сай келуі тиіс. Мәселен, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада құрылыс салу кезінде жалпы ауданы 18 мың шаршы метрден, ал өзге әкімшілік-аумақтық бірліктерде 9 мың шаршы метрден кем түспейтін көппәтерлі тұрғын үй нысандарын сату бойынша ең аз үш жыл жұмыс тәжірибесінің болуы қажет етіледі.

Сондай-ақ, құрылыс салушының аудиторлық қорытындыға сай расталған қаржылық есептілігіне сәйкес, соңғы екі қаржы жылындағы қысқа және ұзақ мерзімді міндеттемелер шегерілгеннен кейін қалған активтері болуы қажет.

Құрылыс салушы тұрғын үй құрылысын бастамас бұрын, жер телімі, қажетті қаражаты, құрылыс жүргізу келісімшарты мен ауыртпалық жүктелмеген мүлкі бар Уәкілетті компанияны құруы тиіс. Құрылыс салушыларға қойылатын талаптар туралы толығырақ ақпарат осы Заңда көрсетілген. Біз үлестік құрылыс аясында тұрғын үй сатып алғысы келетін әрбір азаматқа аталған заңды мұқият оқып шығуды ұсынамыз.

Құрылыс салушы мен уәкілетті компания Заңда белгіленген талаптарға сай келген жағдайда, ҚТК атынан Бірыңғай оператор көппәтерлі тұрғын үй құрылысының жобасына қатысты құжаттарды тексереді және кепілдік беру туралы келісім жасайды. Аталған кепілдік үлескерлер қаражатын тартуға негіз қалайды. Сондықтан құрылыс салушыдан тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы типтік шартты ғана емес, сонымен қатар, ҚТК кепілдігін де ұсынуды талап етіңіз.

Айта кететін жайт, ағымдағы жылдың маусым айынан бастап, ҚТК үлестік тұрғын үй құрылысын аяқтау кепілдігін алуға өтінімдерді қабылдаудың онлайн қызметін іске қосты. Бұл құрылыс салушыларға қолайлы шарттар орнатумен қатар, аталған өтінімдерді қараудың айқындылығын қамтамасыз ету мақсатында жасалды.

Үлескерлер ҚТК-ның сайтында, сондай-ақ, әзірленіп жатқан - тұрғын үй порталында үлестік тұрғын үй құрылысы кепілдігіне ие тұрғын үй кешендері мен құрылыс салушылар жайындағы ақпаратпен кеңірек таныса алады. Айта кетейік, 2017 жылдан бері ҚТК жалпы сомасы 735 млрд теңгеге тең 160 жобаға кепілдік берген.

Неліктен болашақ үлескерлер ҚТК кепілдігінің немесе әкімдік рұқсатының, сондай-ақ, үлестік қатысу шарттарының жоқтығына көз жұма қарап, керісінше брондау, алдын-ала сатып алу-сату, инвестициялау шарты секілді мүлде басқа құжаттарға қол қоюға мәжбүр?

Өйткені, құрылыс компаниялары оларды тұрғын үйдің салыстырмалы түрде төмен бағасымен қызықтырады. Алайда, мұндай компаниялар дефолтқа ұшыраған жағдайда, сатып алушы жинап салған барлық қаражатымен қоса, соңында көптен күткен пәтерден де айырылып қалуы әбден мүмкін.

Талқылау