Ұл сыйлаған жарына отандық кәсіпкер қымбат көлік мінгізді
Жыл жұлдызды отбасылардағы бэби – бумнан басталды. Әсіресе, Алуа Қонарова екі дүркін «немерелі» болып үлгерді. Продюсердің қанатының астында талай жыл еңбек еткен «Аюмидің» экс – әншісі Айдана Шәріпхан тұңғыш сәбиін өмірге әкеліп, кеше перзетханадан шықты.
Бұл туралы НТК арнасының “Ревю” бағдарламасында айтылды.
«Аюми»-мен бір жола қош айтысып, ақ босаға аттағалы Айдана Шәріпхан біраз уақыт отбасы, ошақ қасында отыра тұруға бел буған. Жүктілігінің соңғы айларына дейін, кәсіпкер жұбайы ұйымдастырған қайырымдылық шараларына ғана белсене ат салысып жүрді.
Сылқым бірнеше күн бұрын, салмағы үш жарым келі, бойы 54 сантиметр атұстарды өмірге әкелді. Толғақ қыспаққа алып, жаны қиналғанда жолдасы қасынан бір елі ұзамаған.
“Оңай болды деп айта алмаймын. Бірақ, бақыттымын.. Қасымда менің енем болды, мамам болды және жолдасым болды”, – дейді Айдана Шәріпханова.
Ізбасарын асыға тосқан жұбайы, тек рухани демеу білдірумен ғана шектеліп қалған жоқ. Айданаға алғысын темір тұлпар тарту етуімен білдірді!
“Біздің жанұяда өмірге келген сәбилердің бәрінің атын қоятын жалғыз адам бар. Ол менің – әкем! Үлкен ағамның Иса есімді ұлына ұқсатып, Мұса деп атады. Біз келістік”, – дейді кәсіпкер Әнуар Мәлік.
Бақытты жанұяның қуанышына ортақтасып, перзентханаға келгендер арасынан экс -«Аюмилік» қыздарды да көзіміз шалды. Айдана топтан кеткенде көңілі қалған әріптестері мен продюсері – Алуа Қонарова, арудың тойына да бармаған.
“Бір-бірімізбен ренжісіп, біраз жүрдік. Бірақ, ұзақ уақыт бірге жұмыс істеп, бір шаңырақ астында тұрған адаммен мүлде араласпай кету мүмкін емес қой. Сондықтан, Айданаға «сағындым» деп өзім смс жазып жібердім. Содан кейін, оның күйеуі бізді татуластырды”, – дейді Ayumi тобының әншісі Әсел Жамақаева.
Бала күтімімен біраз уақыт үйде отырған соң Айдана жеке әнші ретінде сахнаға қайта оралуға ниетті. Кәсіпкер жұбайы шығармашылығын қаржылай қолдауды көздейді.
Жіберіп алмаңыз: