"Украинаның министрлері жалған ПТР-тестпен Қазақстанға келген": Еліміздің үкіметі пікір білдірді
БАҚ-та Украинаның инфрақұрылым министрі Владислав Криклия және елші Петр Врублевский Қазақстанға жалған ПТР-тест нәтижелерімен келген деген ақпарат таралуда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Комсомольская правда" басылымының мәліметінше, украиналық делегация Қазақстанның үкімет басшысы және министрлермен келіссөздер жүргізуі керек болған. Сәйкесінше, олардың коронавирус жұқтырмағанын көрсететін ПТР-тестілерінің нәтижелері болуы міндетті.
"Криклий мен Врублевский қазақстандық тарапқа өздерінің ПТР анықтамаларын көрсеткен, алайда тест нәтижелері жалған екені анықталыпты. Осылайша Украинадан келген қонақтар кездесуге жіберілмеген. Украина үшін министрлердің қолдан жасалған құжаттармен жүруі - біртүрлі дүние", - деп жазыпты "Комсомольская правда".
Бұған қоса, ресейлік БАҚ Украинаның премьер-министрі Денис Шмыгаль орын алған жайт үшін өзі кешірім сұрағанын, дегенмен оның қазақстандық әріптесі Асқар Мамин мұны қабылдамағанын жазыпты.
"Тегіс жерден Украина тарапы Қазақстанмен дипломатиялық жанжал тудырды", - делінген мақалада.
Өз кезегінде, бұл жағдай туралы үкіметтің баспасөз қызметі пікір білдірді.
"Қазақстандық тарап үкімет басшысы Асқар Маминнің Украинаның инфрақұрылым министрі Владислав Криклиямен кездесу ұйымдастырылуына дайын болды. Алайда украиналық делегацияның ПТР-тест нәтижелерінің мерзімі өтіп кеткендіктен (5 күннен асып кеткен) келіссөздер іске аспады. Пандемия кезінде кездесуге қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ПТР-тесттің нәтижелерінің болуы міндетті", - делінген ресми хабарламада.
Сонымен қатар, украиналық БАҚ та аталмыш келеңсіз жағдай туралы жарыса жазуда.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
