Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Украинадағы соғыстың кішкентай құрбандары: Қаза болған, жараланған балалардың хикаясы

Ресейдің Украинаға басып кіруі 200-ден аса баланың өмірін қиды. Тағы 400-ге жуығы жараланды. BBC-дің орыс қызметі бірнеше баланың хикаясын жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Елисей Рябоконь мамыр айында 14 жасқа толар еді. Жасөспірім 2022 жылдың 11 наурызында отбасымен бірге атыстан қашып құтылмақ болған кезде оққа ұшты. Ал оның үш жасар інісін ата-анасы бір ғажаптың күшімен құтқарып қалды. 

Ата-анасы Елисейді тек бір айдан кейін жерледі. Киевтің шығысында орналасқан Бровара қаласындағы шіркеуге баланың отбасы, туыстары мен сыныптастары жиналды. 

Жақындарының айтуынша, Елисей адал, елгезек, қарапайым бала болған. Төбелесті ұнатпаған. Агрессиямен байланысты болғандықтан да өзінің сүйікті спорт түрімен айналысудан бас тартқан. 

Елисей, оның анасы Инна мен інісі соғыс басталған сәтте Перемога ауылында болған. 

"11 наурыз күні ресейліктер бізге кетуге мүмкіндік берді. Олар бізге қол бұлғап, сәттілік те тіледі. Жазық даладан өте бергенде бізді жан-жақтан атқылай бастады", - деп еске алады Инна. 



Бас-аяғы 5 автокөлік елді-мекеннен шығуға тырысқан. Елисей екінші автокөлікте отырды. Мұнда отырғандардың бірде бірі тірі қалмады.

"Мен жердің бетімен еңбектеп, үш жасар баламның капюшонынан тартып, құтқарып қалдым. Біздің тірі қалғанымыз таза кездейсоқтық", - дейді Инна. 

Әйел әрі қарай өмір сүруіне тек кенже баласы себеп екенін айтады. Ол Елисейді өлтіру фактісі бойынша полицияға арызданды. Кінәлілер жазаланады деп үміттенеді. 

"Ресейдің қылмысы жайлы бүкіл әлемнің білгенін қалаймын. Әр құрбанның есепке алынғанын қалаймын. Сарбаздары біздің жерімізде өлтірген әр бала мен ана үшін Ресейдің жауапқа тартылғанын қалаймын", - дейді Елисейдің анасы. 

Украина билігінің мәліметіне сүйенсек, соғыс басталғалы бері 200-ден аса баланың жаны қиылып, тағы 400-ге жуығы жараланған. 

Алты жасар Даниил Авдеенко ата-анасымен бірге Чернигов қаласында болды. Ресейдің қоршауында болған қала тек сәуір айының басында әскерилерден босады. Жараланған бала Харьковтегі балалар мен жасөспірімдер денсаулығын қорғау институтына жеткізілген. 

Даниил мен оның ата-анасы үйлерінің жанында болған минометті жарылыс кезінде жарақаттанған. Олар жарылыс толқынының күшімен жерге ұшып түскен. 

Орнынан тұрған соң, Даниилдің әкесі жұбайының аяғы қансырап жатқанын көреді. Қанды тоқтату үшін ол сөмке белбеуін аяғына байлап қойған. Дәрігердің айтуынша, соның арқасында әйелдің аяғы аман қалып, кесілмеген. 
Әйеліне алғашқы көмекті көрсеткен соң, Даниилді іздеген әкесі оның жағдайы жақсы екенін естиді. Алайда баланың тұруға талпынғанын көргенде Александр оның ауыр жараланғанын көреді. 

"Сынықтар денесін түгел жайлаған, өзі қансырап жатты", - дейді Александр.

Оқиғадан кейін ата-анасы мен Даниил үш түрлі ауруханаға түскен. 
"Алғашқы төрт күн бойы кімнің тірі, кімнің өлі екенін білмедік. Ұлым ауруханаға түскен соң, оны тіркемеген", - дейді әкесі. 

Кейін отбасы мүшелері қауышты, ал Даниил емделу үшін Киевке жіберілді. 

Басына тиген зеңбірек бөліктерін дәрігерлер алып тастады, алайда баланың арқасында тұрып қалған қалдықтар сол күйі қалды. Дәрігерлер оны қазір алып тастаса, қатты ауыратынын айтты. Даниилдің жарақаттары көп, аяғы сынған. Дәрігерлер оның қашан аяққа тұра алатынын айта алмай отыр", - дейді Александр. 

Баланың көңіл-күйі мен жағдайы бірқалыпты. Алайда соғыста көргенін ара-тұра еске алып, мейірбикелерге әңгімелейді екен. Одан бөлек, түсінде танкілер мен жарылған бомбалардың даусын естіп, шошып оянатыны бар. Ал басқа уақытта өзге балалар сияқты ойнап, көңіл көтереді, дейді әкесі. 

Аман қалған балалардың өзі кемі психологиялық жарақат алған. 
Мәселен, 13 жастағы Илья Бобков Бучадан отбасымен бірге қашқан. Ресей әскерінің бақылауында болған қаладан гуманитарлық дәліз ашылып, ақырында олар шыға алған. 

"24 ақпан күні әскери қимылдар басталған кезде мен шок алдым. Мен үшін қалыпты күн болуы керек еді. Мектепке барып, сабақтарымды оқып, кейін серуендеуім керек еді. Бірақ біз сол күннен бастап үйіміздің жертөлесінде өмір сүре бастадық", - дейді жасөспірім. 

Эвакуация кезінде Илья мен оның отбасы өртеніп жатқан ғимараттар мен мәйіттердің жанынан өткен. 

"Соғыс әлі жанымызда деген сезімнен арыла алмаймын. Түсімде орыстардың отбасымды өлтіріп немесе кепілге алғанын көремін. Суық термен оянамын", - дейді бала. 

Оның әпкесі Валентина Солокова сол күні Ильяның отбасымен бірге эвакуацияланған. Айтуынша, ересектер балалардың көңілін ойын мен отбасылық суреттерге бөлуге тырысқан. "Алайда оларға жақында жейтін тамақ болмауы мүмкін дегенді түсіндіру ең қиыны болды", - дейді әйел. 

"Қазір бастысы нан мен су деп айттым. Бұрынғыдай мектепке барып, ойнап, қалағанын жейтін заманның аяқталғанын түсіндіруім керек еді. Енді басқа өмір басталды, олар тез арада есеюі керек", - дейді Валентина. 

Миллиондаған украиналық балалар бір сәтте балалық шақтарынан айырылды. БҰҰ бағалауы бойынша, Украинадағы 8 млн баланың үштен екі бөлігі өз үйін тастап кетуге мәжбүр болды.  

Елдің оңтүстігі мен шығысында ұрыс жалғасып, Львов пен Киевте қайта жанданғандықтан, бұл елдің бірде бір бөлігі қазір қауіпсіз көрінбейді. 
Украин балалары аяқ асты үзілген бейбіт өмірге қашан орала алады?… Оны да ешкім білмейді...

Талқылау