Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Украинадағы соғыс басталған уақыттан бері Ресей мен Беларусь азаматтары Қазақстан банктерінде қанша есепшот ашқан?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 24 ақпаннан бері Ресей мен Беларусь азаматтары Қазақстан банктерінде қанша есепшот ашқанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

паспорт

Агенттік өкілдері әлеуметтік желідегі Ресей мен Беларусь азаматтарының Қазақстанда жаппай есепшот ашып жатқаны жөніндегі ақпаратқа пікір білдірді. 

"2022 жылғы 24 ақпаннан бері Қазақстан банктерінде Ресей мен Белорусь резидент-жеке тұлғалары үшін 11 940 шот ашылған. Оның ішінде 10 725 шотты өтініш берушінің немесе сенім білдірілген адамның Қазақстан банкінде жеке болуы арқылы, 1 215 шот қашықтан ашылған. Нәтижесінде, осы мемлекеттердің Қазақстан Республикасы банктерінде шоттары бар азаматтарының жалпы саны 162 мыңға жетті", - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, Ресей Федерациясының резидент-заңды тұлғаларының жаңа шоттарының саны аса қатты өспеген. Биыл ақпанның аяғынан бері банк шоттары Ресейдің 7 компаниясына ашылған, Қазақстан банктерінде шоттары бар Ресей ұйымдарының жалпы саны 805-ке жеткен.

Сонымен қатар хабарламада банк шотын ашқанға дейін жүгіну тәсіліне қарамастан, банктер шетелдік өтініш берушіге КЖТҚҚ туралы заңда белгіленген KYC (Know Your Customer) стандарттары бойынша тиісінше тексеру жүргізуге міндетті екені көрсетілген.

Банк жүргізетін тиісті тексеру шаралары:

  • шетелдік жеке тұлғаны, заңды тұлғаны және оның бенефициарлық меншік иелерін идентификаттауды, оның ішінде алынған идентификаттау деректерінің дұрыстығын тексеруді;
  • іскерлік қатынастардың болжамды мақсаты мен сипатын белгілеуді жүргізеді.

Бұдан басқа, агенттіктің 2020 жылғы 22 наурыздағы № 18 қағидаларында белгіленген тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелеріне қойылатын талаптарға сәйкес комплаенс тәуекелді басқару мақсатында банктер шетелдік, оның ішінде трансшекаралық сипаттағы клиенттердің операцияларына күшейтілген мониторинг жүргізуге міндетті.

"Күшейтілген мониторинг шеңберінде күдікті мәмілелерді анықтау және тәуекелі жоғары транзакцияларға жол бермеу үшін банктер клиенттің ақшасының шығу көздерін және оның контрагентінің заңды мәртебесін, жүргізілетін операцияның шарттары мен экономикалық мәнін қосымша талдайды", - делінген хабарламада.

Талқылау