Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Украинада Нұрлан Сабыровқа қарсы қылмыстық іс қозғалғаны жайлы ақпарат тарады

Нұрлан Сабыровтың видеосы қызу талқыға түстіФото: Видеодан скриншот

Украина қауіпсіздік қызметі қазақстандық стендап-комик Нұрлан Сабыровқа қатысты қылмыстық іс қозғағаны жайлы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақпаратты адвокат Евгений Пронин Telegram арнасында жазды.

“Украина қауіпсіздік қызметі (СБУ) менің арызым бойынша Қазақстан Республикасының азаматы Нұрлан Сабыровтың қылмыстық құқықбұзушылық жасағандығы туралы мәліметтерді Бірыңғай тергеу тізіліміне енгізіп, соталды тергеуді бастады”, – делінген хабарламада.

Соталды тергеу Украина Қылмыстық кодексінің 111-2-бабы 1-бөлігі (“Агрессор мемлекетке жәрдемдесу”) бойынша жүргізіліп жатқаны айтылды.

Евгений Прониннің мәліметінше, арыз түсіруге Сабыровтың Ресей қарулы құрылымдарының өкілдеріне материалдық ресурстарды дайындауы және беруі мүмкін деген күдік себеп болған. Ол бұл жайттардың барлығы ресми тергеу аясында тексерілетінін атап өтті.

“Интерпол жүйесіне кіретін 196 ел ол үшін не қолжетімсіз аймаққа айналуы, не оны ұстап, жазасын өтеу үшін Украинаға тапсыру нүктесіне айналуға тиіс”, – деп жазды адвокат.

Айта кетейік, бұған дейін ресейлік БАҚ-та қазақстандық белгілі әзілкеш Нұрлан Сабыровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынғаны жөнінде ақпарат тарағаны хабарланған еді. Кейінірек комиктің Ресей азаматтығын алудан бас тартқаны белгілі болды. Сондай-ақ Сабыровтың Ресейге қайтып оралу шарттары жарияланды.

Бірнеше күннен кейін ғана Нұрлан Сабыровтың өзі алғаш рет мәлімдеме жасады.

Балнұр Рахматуллақызы
Сенбі, 14 Ақпан, 2026 19:35