Украина мәселесін Украинасыз талқылау қауіпті – Зеленский АҚШ пен Ресейдің келіссөзі туралы
Президент Владимир Зеленский америкалық Associated Press ақпарат агенттігіне бір сағаттық сұхбат беріп, Ресей елді жаппай басып алуға жақын екенін айтты. Сонымен бірге ол Украина өкілдерінің қатысуынсыз соғысты тоқтату туралы келіссөздер идеясының өзін қауіпті деп атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Зеленский АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамптың бұрынғы Ақ үйдің әкімшілігінен айырмашылығы Ресей лидері Владимир Путинмен сөйлесуге дайын екенін білдірген мәлімдемелеріне түсініктеме берді.
Журналист Трамп пен Путин Украина өкілінің қатысуынсыз кездессе, оны сатқындық деп санай ма деп сұрады.
Зеленскийдің айтуынша, бүкіл әлемнің тұрақтылығы үшін Ресей бұл соғыста жеңіске жеткендей сезінбеуі керек. Өйткені мұндай жағдайда басқа ірі мемлекеттер оның әрекетін қайталауы мүмкін дейді.
"Менің ойымша, Америка мен Ресей арасында Украинасыз Украина туралы тікелей келіссөздер жүргізілсе, бұл өте қауіпті. Өте қауіпті. Олардың өз қарым-қатынасы болуы мүмкін. Бірақ бізсіз Украина туралы айту барлығы үшін қауіпті", – деді Украина президенті.
Егер Трамп екеуі жоспарын талқылап, бұл соғыстың қалай аяқталатынын түсінген соң кездессе, қалыпты нәрсе дейді.
Трамп Украинадағы соғысты тоқтату үшін Путинмен тезірек телефон арқылы сөйлесуге, содан кейін кездесуге ниетті екенін бірнеше рет айтқан. Ол мұндай келіссөздерге Зеленскийді тартуға дайын немесе дайын емес екенін айтқан жоқ.
Сонымен бірге АҚШ-тың жаңа президенті Ресейдің басып кіруін дереу тоқтатуы керегін айтып, бұлай етпесе, оған қарсы жаңа санкциялар саламыз деп қорқытты.