Украина үшін соғыспақ болған 19 жастағы қазақстандық Ресейде 12 жылға сотталды
Фото: Эльмира Жанабаева жеке дерегінен
Дон бойындағы Ростов қаласындағы Оңтүстік округтік әскери сот Қазақстан азаматы, 19 жастағы Тұран Устюговты террорлық ұйымға қатысып, террористік әрекетке үйренгені үшін 12 жылға бас бостандығынан айырды. Тұранның анасы ұлының Украина сабында соғысқа барар кезінде шекарада ұсталғанын айтқан еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тұраннның анасы Эльмира Жанабаеваның айтқанын Динара Смайлова парақшасында жариялады. Мемлекеттік айыптаушы тіпті қазақстандық жігітке 25 жыл жаза сұраған екен.
"Ол ештеңе жасаған жоқ. Тек ниеті үшін ғана жазаланып отыр", – деді Жанабаева.
Тергеу органдарының мәліметінше, ол Украина жағында соғысқа қатыспақ болған және Қырым арқылы сол жаққа өтуді жоспарлаған. Оның телефонынан Ресейде террористік ұйым деп танылған Украина Қарулы күштерінің бөлімшелері: "Орыс еріктілер корпусы" мен "Азов" полкына қатысты сауалнамалар табылған.
-
Ресейде қазақстандық кәсіптегі серіктесін өлтірді деп күдікке ілініп, ұсталды
-
Ресейде қазақстандық азамат диверсия жасады деп қамауға алынды
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұған дейін "жауапты дипломаттар жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдерімен, адвокатпен, анасы мен жақын туыстарымен байланыста" екенін мәлімдеген.
"Аталған өңірде Қазақстан Республикасының шетелдік мекемесі болмағандықтан, ол азаматпен тұрақты байланыста адвокат қана бар. Қазіргі уақытта аталған азаматтың жағдайы қанағаттанарлық. Денсаулығына қатысты шағымы жоқ", – деді ведомство.
Еске салсақ, бұған дейін Украина атынан соғысқа бармақ болған 18 жастағы қазақстандық Ресейде тұтқынға түсіп, анасы елден көмек сұрағаны туралы хабарлаған едік.