Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Украина әскерилері "Азовсталь" аумағынан эвакуацияланып жатыр

Мариупольдегі "Азовсталь" зауытын қорғаған украин әскерилерін қауіпсіз жерге шығарып жатыр. Бұл туралы Reuters автобустардың суреттерін қоса жариялап, жазады. Сондай-ақ ақпаратты Украинаның Бас штабы растады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

азовсталь 2022

Бас штабтың мәліметінше, Азовстальдан барлығы 264 әскери қызметкерді алып шыққан, олардың 53-і жаралы. Reuters агенттігі жаралылардың Новоазовск қаласына жеткізілгенін мәлімдеді. Қала Ресейдің қолдауына ие сепаратистердің бақылауында. Бұған дейін Ресейдің қорғаныс министрлігі де жараланғандарды Новоазовскіге әкеткенін айтқан.

Қалған 211 сарбаз гуманитарлық дәліз арқылы Еленовкаға эвакуацияланды – бұл қала да "ДХР" бақылауында.

Украина әскерилерінің тұтқында болған-болмағаны ресми түрде жарияланған жоқ. Украина Қорғаныс министрінің орынбасары Анна Малярдың айтуынша, олардың "одан әрі елге оралуы үшін алмасу келісімі" жүреді.

Украина президенті Владимир Зеленский Мариупольдегі эвакуацияға қатысты пікір білдірді.

"Украина әскерилерінің – Украина қарулы күштерінің, барлау қызметінің, сондай-ақ келіссөздер тобының, халықаралық Қызыл Крест комитетінің және БҰҰ-ның араласуының арқасында біз жігіттеріміздің өмірін сақтап қаламыз деп үміттенеміз. Мына нәрсені баса айтқым келеді, украин батырлары Украинаға тірідей қажет. Бұл біздің басты ұстанымымыз. Бұл сөздерді әрбір саналы адам түсінеді деп ойлаймын", – деді ол.



Бұған дейін дүйсенбі күні украиналық Азов полкінің командирі Денис Прокопенконың қарата сөйлеген видеосы жарияланды. Онда ол "адамдарды құтқару үшін бүкіл Мариуполь гарнизоны жоғары әскери қолбасшының бекітілген шешімін орындайды және украин халқының қолдауына үміттенеді" дейді. Алайда мәлімдемеде қандай шешім екені нақты айтылмаған.

Бұған дейін Ресей қорғаныс министрлігі Мариупольдегі қоршауда қалған "Азовсталь" зауытының аумағынан жараланған украиналық әскерилерді шығару туралы украин тарапымен келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеген. Келісім туралы сепаратистер қолбасшыларының бірі Александр Ходаковский де хабарлаған.

Айта кетейік, Мариуполь тұрғын үй кварталдары ресейлік әскерилердің бақылауына өткеннен кейін "Азовсталь" украиндық әскерилердің басты панасына айналған. Зауыттағы әскерилер Украина басшылығы секілді, "Азовстальдан" ең жоқ дегенде жараланғандарды эвакуациялауға бірнеше рет шақырды, соңғы мәліметтер бойынша ондай әскерилердің саны екі жүз шамасында. Ал Ресей тарапы зауыттағы барлық әскери қызметкерлерді тұтқынға беруді талап етіп келген.

Талқылау