Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Украина, АҚШ және Ресей үшжақты кездесу өткізбек: Кездесудің қайда және қашан өтетіні белгілі болды

Фото: AFP

Украина, АҚШ және Ресей өкілдерінің техникалық деңгейдегі үшжақты кездесуі 23–24 қаңтар күндері Біріккен Араб Әмірліктерінде өтпек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форумдағы пікірталас барысында айтты. Украина басшысы бұл Украина, Ресей және АҚШ арасындағы алғашқы үшжақты кездесу болатынын атап өтіп, оның соғыстың тоқтауына әкеледі деген үмітте екенін мәлімдеді. 

"Ертең және арғы күні үшжақты кездесу өтеді, бұл диалогтың мүлде болмауынан әлдеқайда жақсы", – деді Зеленский.

Украина президенті кездесу туралы АҚШ президенті Трамппен өткен бір сағаттық кездесуден кейін мәлімдеді.  Зеленскийдің айтуынша, бүгін украин делегациясы Трамппен кездесу өткізген, осындан кейін АҚШ өкіледері Ресейге аттанған.

"Бүгін біздің жігіттер америкалықтармен кездесіп жатыр, ертең америкалықтар ресейліктермен жүздеседі, ал бүгін кешке – қашан боларын білмеймін, бәлкім, Путин ұйықтап жатқан шығар, оның ойында не барын ешкім білмейді", – деді Зеленский.

Зеленский “ресейліктер бітімге келуге дайын болуы тиіс” екенін атап өтті. 

Алайда Украина президенті келіссөздердің форматы және ресми тұлғалар тікелей келіссөз жүргізе ме, жоқ па деген мәселеге тоқталған жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін Трамп Давоста өткен дүниежүзілік экономикалық форумда Путин мен Зеленский Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келісім жасауға дайын екенін мәлімдеген еді.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 22 Қаңтар, 2026 23:05