"Үкіметтің шаруасында не жұмысың бар": Актер Еркебұлан Тоқтардың пікірі дауға ұласты
Танымал актер, боксшы Еркебұлан Тоқтар қоғамдағы мәселеге пікір білдіремін деп басы дауға қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/erkebulan_toktar/
Өнер иесі “әркім өзінің жұмысын білсін, билікте шаруасы болмасын” деген ойын бөліскен еді.
“Үкіметтің жұмысында не шаруаларың бар?! Әркім өз жұмысымен айналысуы керек қой. Қоғамдағы проблеманы қалай өзгертпекшісің? Мысалы мен өз жұмысыммен айналысамын, басқаның жұмысында шаруам жоқ. Өз жұмысымды жақсы істесем, өмірім жақсы болады. Тура сондай түсінік бүкіл халықта болуы керек. Үкіметтің жұмысына көңілім тола ма, толмай ма – айта алмаймын. Мен өз жұмысыма қатысты айта аламын. Өзімнің жұмысыма көңілім толады. Еңбектенемін, таңертең тұрамын, жұмыс істеймін. Сол кезде жақсы жағдай жасап, өмір сүремін”, – деген еді актер.
Желі қолданушылары өнер иесінің бұл пікірін орынсыз деп сынады. “Ертең депутат болатын адам”, “Билікке осындай сөз айтатындар керек”, “Ешкімге басым ауырмайды деп тұр”, “Өзін ғана ойлап тұр”, – деп жазды көпшілік.
Көп ұзамай актер жеке парақшасында видео жариялап, айтпақ ойын тарқатты.
“Журналист тоқтатып, сұрақ қойды. Ол сұраққа жауап бердім, өз ойымды айттым, жақсы да, жаман да пікірлер жазылды. Жаман пікір жазғандардың көбі мені “үкіметтен қорқады” деп жазды. Мен үкіметтің жұмысында істемеймін, үкіметтің киносына түсіп жатқан жоқпын, үкіметтің ақшасын алып отырған жоқпын. Сондықтан үкіметтен қорықпаймын. Мен қорықсам, бұқараға не ұнаса, соны айта салар едім. Бірақ мен шынайы азаматтық ойымды айттым. Анау кінәлі, мынау кінәлі демей, өзім өзгерте алатын нәрсені өзгертуге тырыстым. Егер жол ережесін бұзбасаң айыппұл алмайсың, мен ҚҚС деп айғайлағаннан шаруа шешіле қоймайды. Сол үшін өзім білетін нәрсемен айналысамын, өзім білмейтін нәрсеге мұрын сұқпаймын. Өзгерте аламын-ау деген нәрсені өзгертіп жүрмін”, – деп ақталды киножұлдыз.

Қазақстандық көпбалалы ана "Асар Уме" қайырымдылық қорын апатты үй берді деп айыптады
