Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үкіметтің қолдау көрсеткенін қалаймыз": Алматыдағы бизнес-орталықтар қып-қызыл шығынға батып жатыр

Коронавирус кәсіпті де тұсады. Алматыдағы бизнес-орталықтардың көбі қып-қызыл шығынға батып жатыр. Кеңсені жалға алушылардың біразы орнын босатып, қашықтан жұмыс істеуге көшкен. Сондықтан бизнес орталықтар жалға берудің бағасын қырық пайызға арзандатқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

ІТ маман Абылайхан Наурызбаев карантинде жалға алған кеңсесін босатты. Басында не болар деп басы қатқанмен, енді қашықтан жұмыс істеудің қызығын көріп жүр.

"Алдымен қаладағы кептелістен кішкене еркіндік пайда болды. Өйткені таңертен өз еркіңмен асықпай тұрасың да, жұмысқа кірісіп кетесің. Кеңседе болсаң, автобуста тұруың керек, уақыт көп жоғалтасың. Екінші мәселе, мысалы, бізге бастықтар үстінен коммуналдық төлемді өздері төлейтін болды", - деді ІТ маман Абылайхан Наурызбаев.

Карантинде белең алған үрдіс жалға алушылардың оң жамбасына келгенмен, кеңсені жалға берушілердің шашын ағартып бітетін болды. Себебі карантинде қысылып, көбі қашықтан жұмыс істеуге көшті. Соның салдарынан бизнес орталықтардың біразы босап қалған. 

"Бос кеңселердің көбеюі, әрине, теріс әсерін береді. Одан бөлек карантинге байланысты біз қосымша шығындалдық. Санитарлық талаптарды сақтаудың өзіне қаншама ақша бөлдік. Осы орайда үкіметтің бізге қолдау көрсеткенін қалаймыз. Жалға алушылардың орнын толтыруға әлі біраз уақыт кетеді. Оған дейін салық жағынан жеңілдік жасаса дұрыс болар еді", - деді бизнес орталықтың директоры Алдияр Пернеев.

Бір ғана Алматының өзінде 200 ге жуық бизнес орталық барын ескерсек, карантин ірі кәсіпті қан қақсатқанын сөзсіз түсінуге болатындай. Нарықтағы бағаны бағамдаған сарашылар жалға алу құны амалсыз 40 пайызға дейін төмендегенін алға тартады. Ал бизнес орталықтар тығырықтан шығу үшін жаңа тәсілдерге көшуі керек екен. 

"Негізгі тұтынушыларға беретін жағдайды өзгерту керек. Мысалы, тек қана ғимарат емес, соның ішінде кау уоркинг болу керек. Адамдар көбейетіндей кофейня, кафелер немесе кітапханасы, отыратын жері болуы керек. Сондай тегін оупен спейстер болады. Менің ойымша, бизнес орталықтар соған қарай жүру керек", - деді экономист Бақнұр Зиябеков .

Талқылау