Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үкіметтік комиссия құрылды": Президент Ақтау маңында болған ұшақ апаты туралы айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Мақсат – экономика мен егемендікті нығайту" атты кең сұхбаты “Ана тілі” газетінже жарияланды. Онда президент еліміздің 2024 жылы саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылап, алдағы кезеңге арналған басым бағыттарды белгіледі. Сондай-ақ Ақтауда болған ұшақ апатына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ақорда

Тоқаевтың айтуынша, қазақстандық құтқарушылар, дәрігерлер мен полиция қызметкерлері жедел, үйлесімді әрекет етіп, кәсібилік пен азаматтық жауапкершілік танытты.

“Қайғылы оқиға орнына жақын маңда орналасқан "Маңғыстау өңірлік электр желілері" кәсіпорнының жұмысшылары зардап шеккендерге дереу көмекке келді. Жергілікті тұрғындар да назардан тыс қалған жоқ. Азаматтарымыздың осындай жанкештілігінің арқасында мүмкіндігінше көп адамның өмірін сақтап қалды. Құтқару жұмыстарына қатысқандардың барлығына шын жүректен алғыс айтамын", – деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, қазақстандықтардың ұшақ апатынан зардап шеккендерге деген жанашырлығын азаматтарымыздың жаппай қан тапсыруға асығуы дәлелдейді.

"Ұшақ апатының себептерін анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. Сонымен қатар 17 халықаралық сарапшы шақырылды. Оның ішінде Халықаралық азаматтық авиация ұйымы мен Мемлекетаралық авиация комитетінен де келді. Үкіметтік комиссия рейстіркегіштерді Бразилияға жіберу туралы шешім қабылдады. Бұл тергеудің объективтілігі мен бейтараптығын қамтамасыз ететін бірден-бір дұрыс шешім екеніне сенімдімін", – деді Тоқаев.

Еске салсақ, бұған дейін Әзірбайжан әуе компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Ұшақта барлығы 67 жолаушы, оның ішінде 6 қазақстандық болған. Бортта болған қазақстандықтардың барлығы қаза тапты. Ұшақ апатында қаза болған қазақстандықтардың аты-жөндері белгілі болды. Қаза тапқан Қазақстан азаматтарының төртеуі Маңғыстау облысының, біреуі Қостанайдың, біреуі Астана тұрғыны болғандары анықталды.

Талқылау